«ҚазАқпараттың» төте жазу сайты оқырмандарының саны еселеп артып келеді
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Әлемдегі ең көп - 1,5 млн.-нан астам қазақ диаспорасы тұратын Қытайдағы ағайын Лондон Олимпиадасы кезінде қандастарының жетістіктері туралы шұғыл ақпарат алып отыру үшін «ҚазАқпарат» агенттінің төте жазу сайтына көз тікті.
Бұл туралы «ҚазАқпараттың» төте жазу сайтының шығарушы редакторы Ризабек Нүсіпбекұлы «Айқын» газетіне берген сұхбатында кеңінен тоқталып өтті.
«ҚазАқпарат» Қытай мен Ирандағы қазақ жұртшылығы үшін ана тіліміздегі ақпараттар мен мақалаларды төте жазумен (арабша) таратуды 2009 жылдың қазан айынан бастап жүзеге асыра бастады. Бұл соңғы жоба, әсіресе, төте жазу арабшасын қолданатын Қытай қазақтары үшін елеулі оқиға болып, олардың ақпараттық, рухани мұқтаждықтарының орнын толтыруға айтарлықтай септігін тигізді.
«ҚазАқпараттың» шет елдердегі оқырмандары жылдан жылға артып отырғандығын оның қызметкерлері де растайды. Ризабек Нүсіпбекұлының мәліметтеріне қарағанда, осы сайттағы соңғы 100 материал 18-19 мыңнан астам рет қаралады. «Әлем назарын аудартқан Лондон-2012 Олимпиадасы кезінде біздің сайтты қараушылар саны тіптен көбейіп, бұл көрсеткіш 32-33 мыңға дейін жетті. Бұл шеттегі қазақтардың патриоттығын, Қазақ елінің намысы сынға түсер сәтте жеңісіне бірге қуанып, бірге тыныстап, алыста тақым қысып, әрбір табысына елеңдеп отыратындығын айқын дәледеп берді», - деп атап өтті ол өз сұхбатында.
Агенттіктің төте жазу үлгісіндегі сайтының хабарларын қазіргі күні Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын қазақтардан бөлек, Қытайдың ішкері жағындағы қалаларда, соның ішінде Бейжіңде оқып жатқан қазақ студенттері мен Гансу өлкесінің Ақсай Қазақ автономиялы ауданы тұрғындары да қарайды екен. Оған қоса Бейжіңде орын тепкен «Орталық қазақ радиосы», Орталық ұлттар баспасы қазақ бөлімі, Бейжің ұлттар университетінің қазақ филология факультеті, тағы да басқа қазақ орталықтары пайдаланып отыр.
«Дүниежүзі қазақтарын ортақ жедел ақпаратпен қамтамасыз ету үшін ең әуелі жазу бірлігі керек. Әлемдегі бар қазақ бір жазу үлгісіне көшпейінше, олардың рухани тұтастығы мен әдеби, мәдени бірлігін сақтап тұру қиын», - дейді Ризабек Нүсіпбекұлы.
Ал қазіргі жағдайда шеттегі қазақтардың атамекендегі жаңалықтардан дер кезінде хабардар болуы үшін, төте жазу үлгісіндегі, латын қарпіндегі сайттардың ашылуы маңызды, - деп есептейді қазақстандық тілші.
Айта кетейік, бүгінде "ҚазАқпарат" өз оқырмандарына жаңалықтарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таратып отыр. 2004 жылы Агенттік шетелдегі қазақтарға арнап сайттың латын қарпіндегі нұсқасын іске қосты. Ал 2009 жылы ақпараттарды төте жазу үлгісімен ұсына бастады. Алдағы таяу уақытта еліміздің басты ресми Ақпараттық агенттігі жаңалықтарды қытай тілінде таратуды жоспарлап отыр.