Қазақша подкаст пен блогтер тілдің қолданысын кеңейтіп жатыр — Назгүл Қожабек
АСТАНА. KAZINFORM — TikTok, YouTube, Instagram желілеріндегі қазақша контент пен подкастардың көбеюі қазақ тілін тұтынуға мүмкіндік беретін ортаны кеңейтіп келеді. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында тіл жанашыры, редактор әрі медиа маманы, «Калькасыз қазақ тілі» Telegram арнасының авторы Назгүл Қожабек айтты.
Оның сөзінше, қазақша контент әзірге орыс тілінде тұтынылатын контенттің орнын толық баса алмағанымен, бұл бағытта ілгерілеу байқалады.
— Контент тұтыну жағынан ілгерілеу бар екеніне сенемін. Орыс тілінде тұтынылатын контенттің орнын әзірге баса алмасақ та, қазақша контент біртіндеп көбейіп келе жатқаны анық. Қазір қазақша подкаст көп, инфлюенсерлер мен блогерлер де көбейді. Ағы да, қарасы да бар, бірақ олардың қазақ тіліндегі контентті көбейтуге үлес қосып жатқаны анық. Контенті қазақша, оған жазылатын пікірлер де қазақша. Кәдімгідей қазақша қазан қайнап жатыр интернетте, — деп күлді Назгүл Қожабек.
Оның пікірінше, қазақша контент көбейген сайын сапалы дүниелер де біртіндеп іріктеліп шығады.
— Оның көбігін алу, тазарту жағын қоғам өзі ақырындап реттейді деп ойлаймын. Қазір стримерлердің ерсі әрекеттеріне тыйым салынып жатыр. Сол сияқты бара-бара сапасыз, зиянды контент шығаратындар азайып, жақсы контенттің үлесі артады. Білім мен ғылым туралы контент те көбейеді деп ойлаймын. Қазір, мысалы, саяхат туралы қазақша өте жақсы контент бар. Түрлі елдерден видео, блог түсіріп жүргендер көп. Кітап туралы да осындай блогтар бар шығар, мүмкін мен көрмей жүрген шығармын, — деді ол.
Айта кетелік Назгүл Қожабек қазақша ғылыми және танымдық басылымдарды көбейту қажет екенін айтқан еді.