Қазақстан 2010 жылдың басты оқиғаларының бірі - Астанада өтетін 51-ші Халықаралық математикалық олимпиадаға әзірленуде

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығынан хабарлағанындай, олимпиадаға әлемнің 110 елінен 600-ден астам мектеп оқушылары, 300-ден астам командалар жетекшілері мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ байқаушылар қатыспақ.
2009-2010 оқу жылы басталғалы республиканың барлық аймақтарында бекітілген кесте бойынша «Қазақстан 51-ші Халықаралық математикалық олимпиаданы қарсы алады» онкүндігі өтуде. Ол мектеп оқушыларының назарын математика ғылымына аудару, олардың танымдық шығармашылық қызметін дамыту, дарынды балаларды анықтау, сондай-ақ математика мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында жүргізілуде.
«Дарын»» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ақпаратына қарағанда, онкүндіктер ауқымында барлық жерлерде республиканың жетекші жоғары оқу орындарының математика ғылымы саласындағы көрнекті ғалымдарымен кездесулер өткізілуде, математика мұғалімдерімен шеберлік сабақтары, конференциялар, семинарлар, матеиматикалық олимпиадалар, ойындар, байқаулар, турнирлер, тағы басқалары өткізілуде. «Қызықты математика», «Ойлан және шеш», «Математика және бизнес», «Математика толқынында», «Цифрлар әлемінде» және басқа да арнайы газеттер шығарылуда.
Онкүндік Алматы облысында басталып кетті, аймақтың мектеп оқушылары математикадан республикалық және халықаралық олимпиадаларда талай рет өздерінің жоғары білім деңгейін көрсетті. Халықаралық математика олимпиадасының алғашқы олимпиада жалауын Қарасай ауданындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оқыған Қабанбай батыр атындағы орта мектеп қабылдады.
«Дарын» мамандары зияткерлік сайыс эстафетасы аймақтарда ауданнан ауданға беріліп отырғанын атап өтуде. Басталған 2010 жылы онкүндік Батыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдарында өз жолын жалғастырады.
Халықаралық математика олимпиадасы әлемдегі беделді білім сайыстарының бірі. 1959 жылы Румынияда өткізілген алғашқы олимпиадаға барлығы 7 ел ғана қатысса, ал 2009 жылы шілдеде Бремен қаласында (Германия) өткен соңғы олимпиадаға қатысушы елдер саны 104-ке жетті.
Қазақстан Халықаралық математикалық олимпиадаға 1992 жылдан бастап байқаушы ретінде қатыса бастады. Онда олимпиада Мәскеу қаласында өтті. 1993 жылдан бастап еліміз Халықаралық математикалық олимпиаданың толыққанды мүшесі болды (Ыстамбұл қаласы, Түркия). Қазақстандықтар мектеп оқушылары оған қатыса бастаған кезден бері 62 медальді жеңіп алды: 8 алтын, 17 күміс және 37 қола медальдар. Соңғы Бременде өткен олимпиадада Қазақстанның құрама командасының барлық мүшелері жүлдегер болып, 3 күміс және 3 қола медальға ие болды. Қазақстан 104 елдің ішінде 27 орынға шықты.
Алдағы 51-інші Халықаралық математикалық олимпиаданы өткізу құқығына Қазақстан ТМД-да алғаш рет «білім мен ғылымға ерекше көңіл бөліп отырған тұрақты перспективалы мемлекет» ретінде ие болды. Біздің елімізден кейін ХМО-2011 эстафетасы салтанатты жағдайда Нидерландыға тапсырылады.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан 15 халықаралық олимпиада өткізді. 2014 жылға дейін 3 олимпиада өткізу күтілуде.