Қазақстан 2015 жылға қарай ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың үлесін ІЖӨ-нің 5 пайызына дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр - Елбасы
МИНСК. Қарашаның 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан 2015 жылға қарай ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың үлесін ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Беларус Республикасына ресми сапары аясында кеше Минскіде «ТМД кеңістігін біріктірейік» атты ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі халықаралық саммитте сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасының сөзіне қарағанда, Қазақстан экономиканың ішкі секторларына қызмет көрсетуге бағытталған сервистік сипаттан ұлттық өнімді экономиканың өзіндік саласы ретінде қалыптастыратын өндірістік дүниелерге бет бұра отырып, бұл саланы сапалы ақпараттандыруға қол жеткізуге құлықты. «Нәтижесінде біз ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексіне сәйкес, Қазақстанды инновациялық экономикалы елдердің тобына кіретін ұлт ретінде көрсетуге қол жеткізуді көздейміз», - деді Президент.
Елбасы ақпараттық коммуникациялық технологиялар индустриясын дамыту «Интеллектуалды ұлт -2020» жобасының үшінші басымдығы болып табылатынын атап өтті. Елбасының айтуынша, бұл экономикалық өсімді шапшаңдатуға және технологиялық серпін жасауға мүмкіндік береді, бұл қазіргі экономикалық жағдайда айрықша өзекті. «Осынау сәтті пайдалана отырып, саммитке қатысушыларды Қазақстанда ірі жоғары технологиялы жобаларды жүзеге асыруға, біздің институттарымыздың базасында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге шақырамын», - деді Н. Назарбаев.