Қазақстан 2018 жылы көмірсутек шикізатының қорлары бойынша халықаралық есептілік стандартына көшеді - Ұ. Қарабалин
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті. Брифинг Елбасы айқындаған «100 қадам» Ұлт жоспары аясында жер қойнауын пайдалану саласындағы ілгері реформалар тақырыбында өткен болатын.
«Елбасының айқындаған бес реформасы аясындағы «100 қадам» Ұлт жоспарының 74-75-інші қадамы жер қойнауын пайдалану реформалауға қатысты болып табылады. Осыған байланысты, Энергетика министрлігі мұнай және газ саласында алдыңғы қатарлы тәсілдерді енгізу бойынша нақты реформаларды қолға алатын болады. Бұл ретте 74-і қадам жер қойнауын пайдалану саласында Қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізаттары қорлары бойынша Халықаралық есептілік стандарты жүйелерін енгізу арқылы ашықтықты, болжамдылықты арттыру болып табылады. Ал 75-қадам үздік әлімдік тәжірибелерді қолдана отырып, барлық пайдалы қазбалар бойынша келісімшарттарды жасаудың оңайлатылған тәсілдерін енгізуді көздейді», - деді Ұ. Қарабалин.
Оның айтуынша,бүгінгі күні Қазақстанда минералды-шикізаттық кешен геологиялық барлау жұмыстарын арттыру арқасында қолдау жалғасып келеді. Бұл ретте халықаралық капитал нарығы бұл жұмыстардың негізгі көзі болып табылады. «2018 жылы көмірсутек шикізатының қорлары бойынша халықаралық есептілік стандарты жүйесіне көшуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте стандартты қолдану бойынша қазақстандық ұлттық ұйым құрылатын болады», - деді Қарабалин.