Қазақстан 2020 жылға қарай Ресей мен Беларусьқа 100 мың көлік экспорттамақ
Бұл туралы Қазақстан автобизнесі қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті. «Еуразиялық экономикалық одақ отандық өндірісшілер үшін үлкен жол ашады. 2020 жылға дейін біз Қазақстанда жасалған 100 мың көлікті экспорттауды көздеп отырмыз», - дейді ол.
Қауымдастық президенті, сонымен қатар, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы мәселесіне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта бұл процесс қарқынды жүргізіліп жатыр. «Қазақстанның аталмыш халықаралық экономикалық ұйымға енуі Қазақстанның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болады. Дегенмен, бұл мүмкіндіктерді сауатты әрі тиімді қолдана білуіміз шарт. Бұл ұйымға біз өзімізге жағымды жағдайлармен кіруіміз керек. Отандық өндірістің дамуына қатысты шараларды қолға алып, бірқатар қорғаныс шараларын жасауымыз қажет. Осы және өзге де сұрақтар бойынша біз әрдайым ҚР Үкіметімен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге талқылаулар жүргізіп, жұмыс істеп келеміз», - деп түйді сөзін А.Лаврентьев.