Қазақстан-2022: Жүз жылдан кейінгі «бүлік» ...
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресейлік танымал Дром сайтында Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген «Қаңтар қасіреті» жайлы материал жарияланды. ҚазАқпарат осы шолудың негізгі тұстарының аудармасын ұсынады.
***
Өртенген қала әкімдігінің ғимараты мен қираған Президент резиденциясы. Тоналған дүкендер мен отқа оранған көліктер. Қаланың қақ ортасында жарылыс пен атыс-шабыс. Төтенше жағдай, коменданттық сағат. Әуежайды басып алған, құқық қорғау органдарының ғимараттарына шабуыл жасап жатыр. 2022 жылдың қаңтары, Қазақстан, Алматы қаласы. Бұл оқиға қалай өрбіді?
Ондаған жылдар бойы Алматы қаласының орталығында Чапаев туралы кітаптың авторы Дмитрий Андреевич Фурманов атындағы көше болған. Жазушының «Бүлік» атты кітабы оқырманға көп таныс емес, онда 1920 жылғы Верныйдағы көтеріліс жайында баяндалады. Ол кезде Алматы қаласы Верный деп аталған еді. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін елде елді мекен атауларының біразы өзгерді, бірақ Фурманов көшесі сол қалпында қалған еді. Кейін бұл даңғыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атымен атала бастады. Бірақ халық арасында ол «Нефурманов көшесі» деген атауға ие болды. Тағдырдың тәлкегімен 2022 жылғы қаңтар айының басты қайғылы оқиғалары Алматының осы көшесінде болды.
Сонымен, бұрынғы Фурманов көшесі, жүз жыл өткен соң.
Қаңтар оқиғалары Қазақстанның батысындағы бейбіт шерулерден басталды. 2021 жылғы желтоқсан айының соңында өңірдегі автокөлік иелерінің басым көпшілігі пайдаланатын газ бағасы кенеттен шарықтап кетті. Жаңа жылды тыныш тойлауға дайындалып жатқан Маңғыстауда халық көтеріле бастады. 2 қаңтарда Жаңаөзенде бейбіт шеруге шыққан жұрт газ бағасын төмендетуді талап етті. Бұған қоса, Қазақстан үкіметі отставкаға кетсін деген талап қойды.
Алматыда бәрі 5 қаңтар күні басталған.
Бұл күні сағат 01:30-дан бастап қалада төтенше жағдай және коменданттық сағат енгізілді. Танымал қазақстандық форумдардың бірінде қолданушылар оқиға жайлы ой бөлісетін топик пайда болды. Онда қаланың орталық көшелеріндегі жарылыс пен қолдарына таяқ ұстаған адамдар жайлы ақпаратты жарысып салып жатты. Дәл сол форумда YouTube-тан бірден бес бейнеролик жүктелді, оны тұрақты қолданушылардың бірі жариялады. Бір қызығы, екі бейнеролик те Украинада түсірілген екен.
Сол күні таң атпастан аулаға шығып, айналадағы тыныштыққа таң қалдым. Маңайда үнемі қозғалыс толастамайтын бір көше бар, онда тіпті таңертең ерте де зымыраған көліктердің шуын естисіз. Өз ісімен, жұмысқа асыққан жұрт. Ал сол күні дыбыс жоқ, тып-тыныш. Тіпті иттердің үргені де естілмейді. Коменданттық сағаттың бірінші күні қалада тыныштық орнады.
Сол күні президент теледидар арқылы сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуінің толық мәтінін сілтемеден оқи аласыздар, ал мен кейбір жайттарға тоқталғым келеді.
Президент жағдайдың ауыр екенін атап өтті: «Еліміздің тең жартысына жуығында қақтығыстар орын алуда. Әсіресе, Алматыдағы ахуал өте күрделі».
Ол акциялар жақсы ұйымдастырылғанына, олардың қатыгездігіне назар аударды: «Біздің сүйікті қаламызда құқық қорғау қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасалып жатыр. Олардың арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Бұзақы топтар әскери қызметшілерді ұрып-соғып, көшеге жалаңаш шығарып, мазаққа айналдыруда. Әйелдерді зорлап, дүкендерді тонап жатыр. Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дәлелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті».
Мемлекет басшысы сондай-ақ биліктің тәртіпті қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылын да түсіндірді: «Мемлекет басшысы және бүгіннен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет етемін. Бұл – өмірін қорғап қалуға өтініш білдірген көптеген азаматымыздың қауіпсіздігіне қатысты мәселе».
Шиеленіс күшейді. Көп ұзамай интернет өшіріліп, ұялы байланыс пен қалалық телефондар үзіліспен жұмыс істеп тұрды. Менің теледидарым интернетке тәуелді болғандықтан, ол да хабар таратуды тоқтатты. «Россия 24» арнасынан Қазақстандағы және оның ішінде Алматыдағы жағдай туралы ақпарат алып отырдық. Кей кездері ұялы телефонға елдегі ресми органдардың хабарламалары келіп жатты.
06.01.22 ж. Сағат 12:28. Алматыда лаңкестікке қарсы операция басталды. Қауіпсіз жерде болыңыз.
07.01.22 ж. 12:34 Бүгін түскі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына елдегі жағдай туралы үндеу жариялайды. Үндеу республикалық арналардан көрсетіледі.
07.01.22 ж. 13:09 Қазақстан жаңалықтары. Маңғыстауда диалог барысында барлық мәселелерді бейбіт жолмен шешу туралы келісімге қол жеткізілді.
07.01.22 ж. 17:06 Қазақстан жаңалықтары. Балабақшалар әдеттегідей жұмысын жалғастыруда.
07.01 22. 17:33 Мемлекет басшысы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша байланыс операторлары барлық абоненттерге 200 SMS/300 мин тегін төлем жасайды.
07.01.22 17:58 ШОБ Құрметті Кәсіпкерлер! Мемлекет экстремистер әрекетінен зардап шеккен бизнес субъектілеріне қолдау көрсетеді.
07.01.22 19:23 Антитеррористік операция жалғасуда. Рождествода үйде қалыңыздар.
Түрлі дереккөзден алынған үзік-үзік ақпараттарға қарағанда, жағдай былай болды: қалалық әкімдік ғимараты басып алынды және өртелді, Алматы әуежайының ғимаратын басып алды (полиция ешқандай қарсылық көрсеткен жоқ), қалалық прокуратураның және бірнеше полиция бөлімшелерінің ғимараттарын алды (қару ұрланды). Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Шекара академиясының ғимаратына шабуыл жасалып, оның курсанттары лаңкестерге тойтарыс берді. Бірнеше қару-жарақ сататын дүкен тоналды, ал оның ішіндегі қару жоғалып кетті!
Сондай-ақ Алматы маңында десантшылар жасақтары содырлармен ауыр шайқас жүргізіп жатқаны туралы хабар тарады. Бұдан кейін Қапшағай қаласында орналасқан десанттық-шабуыл бригадасы Қапшағай су қоймасының оңтүстік жағалауы жақтағы әскери аэродромды басып алуға кедергі жасағаны белгілі болды.
Көтерілісшілердің шабуылынан тойтарыс берілгеннен кейін Жетіген кентінің жанындағы бұл аэродром бітімгершілік контингенттің ұшқыр бөлімшелерін әкелеген кезде плацдарм болды. Қазақстан Президентінің ҰҚШҰ елдеріне көмек сұрап үндеу жариялағаны республикадағы жағдайды түбегейлі өзгертті. Шұғыл ұшып келген ҰҚШҰ бөлімшелері мемлекеттің стратегиялық нысандарын қорғауға кірісті. Елдегі анархия аяқталды, бандиттерден тазартылған Алматы әуежайы Қазақстанның одақтас елдерінен келген бітімгершілік күштерінің ұшақтарын қабылдап жатты.
7 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына екінші үндеуін жасады.
Үндеудің толық мәтінін жоғарыдағы сілтеме бойынша оқуға болады, ең маңызды тұстарын атап өтейін: «Өздеріңізге мәлім, ҰҚШҰ-ның жарғылық құжаттарының негізгі ережелеріне сәйкес Қазақстан конституциялық тәртіпті ретке келтіруге көмек беру үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларынан біріккен бітімгерлік күштерін енгізуді сұрады.
Президент бүлікшілер әрекетінің бейбіт шеруге еш қатысы жоқ екенін және оған тиісті жауап берілетінін қадап айтты: «Бірақ террористер мемлекеттік және жеке азаматтардың дүние-мүлкіне әлі де залалын келтіріп, азаматтарға қарсы қару қолдануда. Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім. Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылуда. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен қандай келіссөз болуы мүмкін? Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге асырылады».
Президент елде қалыптасқан жағдай кезінде құқық қорғау органдарының содырларға тойтарыс беруге дәрменсіз болғанын ерекше атап өтті: «Құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қатысты анықтайтын мәселе көп. Арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шұғыл түрде шешуіміз керек. Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды. Тек Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады».
Қаңтар қасіреті стихиялық сипаттағы оқиға емес, сырттан үйлестіріліп, арандату болғаны анық айтылды: «Құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүддесінен алшақ «сырттағы қайраткерлер» ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады. Осы жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес. Біз құқықтық вандализмнің кез келген түріне қатаң шара қолданамыз. Оларды дайындаумен және басқарумен біртұтас командалық пункт айналысқанға ұқсайды. Бұл мәселемен ҰҚК мен Бас прокуратура айналысып жатыр».
Қазақстандағы антитеррор операциясы жалғасты, бірақ бетбұрыс айқын болды. Біртіндеп телеарналар қосыла бастады, Интернетке қолжетімділік пайда болды. Бұрынғыдай мемлекеттік органдардан SMS хабарламалар түрінде көптеген ақпарат жіберілді:
08.01.22 09:31 Қазақстан жаңалықтары. Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды.
08.01.22 09:53 Құрметті еңбек ұжымдары! Деструктивті элементтердің арандатуларына берілмеңіздер. Бүгінгі таңда өндіріс пен кәсіпорындардың жұмысын жалғастыру маңызды. Бұл қалыпты өмірге оралу үшін қажет.
08.01.22 10:02 Интернетке біртіндеп қосылу басталды. * банк және * банк қызметтері қазірдің өзінде қолжетімді. Президенттің халыққа үндеуі мен соңғы жаңалықтары мына сайттарда: …..
08.01.22 11:11 Президент Қ.Ж Тоқаевтың тапсырмасымен Сізге 200 SMS/300 мин берілді.
08.01.22 11:47 Құрметті қазақстандықтар! Осы қиын кезеңде сабыр сақтауға шақырамыз. Мемлекет қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көшелерде тәртіп орнату үшін барлық шараларды қабылдауда. Құрметті Кәсіпкерлер! Осындай қиын кезеңде азаматтарымыз үшін бағаны өсірмеуге шақырамыз.
08.01.22 12:48 Құрметті талдықорғандықтар, 8 қаңтарда лаңкестікке қарсы операция жалғасады, үйде отыруларыңызды сұраймыз.
08.01.22 20:19 Қазақстан жаңалықтары: Еңбек министрлігі төтенше жағдай кезінде мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындайтынын хабарлайды.
09.01.22 02:47 ҚР БҒМ мектептегі демалысты 2022 жылдың 17 қаңтарына дейін ұзартты. Колледждер мен жоғары оқу орындары студенттерінің демалысы 24 қаңтарға дейін жалғасады, БҒМ ата-аналарды балалардың қауіпсіздігі үшін оларды үйден шығармауға шақырады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сенім телефоны жұмыс істейді.
09.01.22 08:06 Қазақстан жаңалықтары: Еңбек министрлігі төтенше жағдай кезінде АӘК алушыларға төлемдер автоматты түрде ұзартылатынын хабарлайды.
09.01.22 13:15 Қазақстан жаңалықтары: Еңбек министрлігі зейнетақы мен жәрдемақы уақытылы және толық көлемде төленетінін хабарлайды.
09.01.22 16:08 Қазақстан жаңалықтары: Еңбек министрлігі төтенше жағдай режимі кезінде мүгедектік мәртебесі автоматты түрде ұзартылатынын хабарлайды.
09.01.22 17:06 Мемлекет басшысы Қ-Ж Тоқаевтың тапсырмасы бойынша байланыс операторлары барлық абоненттерге 200 SMS/300 мин тегін беріледі.
10.01.22 16:08 11.01.22 ж. Алматыда қалың тұман, көктайғақ күтіледі.
Мұндағы соңғы SMS-хабарлама жағдайдың қалыпқа келгенін көрсетеді, өйткені ауа райы жайлы ескертулер бізде бұрын да тұрақты түрде жіберіліп отыратын.
2022 жылдың 19 қаңтарында Алматыда төтенше жағдай мен коменданттық сағат алынып тасталды. Қазір тыныштық орнады, бірақ арнайы қызмет органдары бүлікке қатысушыларды ұстап жатыр. Теледидардан көліктердің, тоналған мүліктің (жаңа смартфондар және т.б.) ұсталғаны туралы репортаждар көрсетіп жатты. Сонымен қатар ұсталғандардан қару-жарақ табылды. Қарақшылардың бәрі бірдей қаладан қашып кете алмайтыны түсінікті еді, Алматыда іздеу, қолға түсіру шаралары жалғасты, бұл келесі SMS хабарламадан айқын көрінеді:
19.01.22 11:29. Алматы қаласында лаңкестікке қарсы операция жалғасуда. Адамдар көп жиналатын жерлерге бармауды, түнде автокөлікпен қозғалысты шектеуді сұраймыз.
Менің осы оқиғаларға деген көзқарасым, қысқаша, осы. Әңгіменің басында қойылған бірінші сұраққа жауап беруге тырыстым - оқиға қалай өрбіді? Қайталап айтамын, бұл оқиға ошағынан жырақта жүрген қарапайым адамның пікірі ғана.
Енді «бұл не болды» деген екінші сұраққа жауап беріп көрейік.
«Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады». 2019 жылдың наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті осылай деген болатын.
Президент өкілеттігі сол кезде Парламент Сенатының Төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті. Алғашында біреулер оны 2020 жылға дейін елді уақытша басқарады деп күткен, алайда Қ.Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау өтеді деп жариялады.
2019 жылдың 9 маусымында сайлау өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96% дауыспен жеңіске жетті. Бұл Тұңғыш Президенттің бұған дейінгі сайлаулардағы (2005, 2011, 2015) көрсеткішінен әлдеқайда төмен еді. Назарбаев 90 проценттен төмен жинамайтын.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің неліктен халық қолдауына ие болғаны түсінікті – ол билік басында болған тұста ел тәуелсіздігін алды, экономикасы қарқынды дамыды. Сонымен бірге ел тұрғындары да байи бастады. Бұл туралы Қ. Тоқаев та айтып кетті: «Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елде өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды». Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жағдай қалпына келгеннен кейін бірден Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөз сөйлеген еді.
Енді «өте табысты компаниялар мен бай адамдар» туралы. Мысалы, Н.Ә. Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның байлығы 3 миллиард АҚШ долларына жетіп жығылады деп бағаланып отыр. Дәл осындай сома оның күйеуі қазақстандық бизнесмен және қоғам қайраткері Тимур Құлыбаевқа да тиесілі. Олар 2021 жылы Форбс-Қазақстан тізімінде бесінші орын алды. Елде басқа да бай адамдар жетерлік.
2019 жылғы жаңа президент билігінің легитимділігі трайбализмге негізделген олигархия жүйесінің наразылығын тудырды. Содан 2024 жылға жоспарланған президент сайлауында мемлекет басшысын ауыстыруды көздеген болуы әбден мүмкін. Аталған «ауыстыру» тетігінің бейбіт жолдан ауылы алыс болғаны белгілі.
Соңғы бірнеше жылда халықты дүбәра қылу процесі жүргізілгені анық. Бұл арнайы қызметтердің назарынан тыс қалғанына сену қиын, тіпті олар осы үрдісті бақылауда ұстаған болуы да ықтимал.
Олардың пайымдауынша, ең оңтайлы нұсқа – Тоқаев келесі сайлауға түспейді. Осылайша, Қ-Ж. Тоқаевтың қолындағы билікті өздеріне керек адамға тапсыру көзделген. Бұл ой сәтті жүзеге асырылған жағдайда, дүниежүзілік қауымдастық ештеңеден күмәнданбайтын еді. Сонымен қатар аталған бай адамдардың шетелдегі капиталына қол сұғылмауы керек-тін.
Қазіргі президент сайлауға түсіп, тағы да жеңіске жетіп жатса, «белсенділер» сайлаудың заңға қайшы өткенін алға тартып, оларға қажет нәтижеге қол жеткізгенше жаппай наразылық акцияларын ұйымдастырушы еді. Бұл сценарий орындалғанда жаңа президент бай адамдардың қолшоқпары болар еді.
Алайда Президент қаңтар оқиғасынан кейін арнайы қызметтердің басшылығын ауыстырып, бұрынғыларын қамауға алуға дейін барды.
Бұл оқиға жоспардағыдай 2024 жылы емес, неге қазір орын алғанын анықтау үшін былтырғы желтоқсанға ойша оралу керек. Ол кезде Ресей АҚШ пен НАТО-ға стратегиялық тұрақтылық жөнінде талап қояды. Аталған құжаттың бұрынғы нұсқасынан айырмашылығы көп болғаны соншалық, Батыс не істерін білмей қалды. Бір айда жауап беру керек.
Ресейдің НАТО-ға қойған талаптарының бірі әскери блок ықпалының Орталық Азия мен Қазақстанға әсер етпеуі еді. Ұйымның бір оқпен бірнеше қоянды атып алуға мүмкіндігі пайда болды – Қазақстандағы билікті ауыстырып, Ресейдің позициясына нұқсан келтіру, сонымен қатар Қазақстанды ҰҚШҰ-дан шығару.
2021 жылы 28 желтоқсанда Н.Ә. Назарбаев пен Қ-Ж. Тоқаев Санкт-Петербургтегі ТМД елдері көшбасшыларының саммитіне қатысты. Саяси шарада қаңтар оқиғасы, елге төніп тұрған қауіп алдын ала талқыланған болуы мүмкін.
Газдың бағасын көтеріп, елдегі жағдайды ушықтыру Қазақстанның мұнай-газ нарығын қолында ұстап отырған топқа қолайлы болды әрі қиынға соқпады.
Барлығы осылай басталып кетті... Дегенмен жағдай тиісінше бағаланбаған еді. Біріншіден, Президент Қ. Тоқаевтың батылдығы ескерілмеді.
Екіншіден, ҰҚШҰ құрылған 1992 жылдан бері ұйымға мүше елдердің бірлескен күші қолданылмады. Төңкерісті ұйымдастыру кезінде осы ұйымды ешкім есепке де алмады.
Сол себепті ҰҚШҰ контингентінің Қазақстанға келуі бүлікшілер үшін күтпеген жағдай болды.
Президент ҰҚШҰ күштерін шақырған кезден бастап бүлікшілердің сағы сынды. Бұған миссия сарбаздарына қарсы бірде-бір шабуыл жасалмағаны дәлел бола алады.
Енді не болмақ? Қазір елдегі жағдай қалпына келіп, тыныштық орнады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болған оқиға жайлы көлемді сұхбат берді. Болашаққа деген жоспармен бөлісті.
Сонымен қатар Қ. Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында алдағы іс-қимыл мен реформалардың егжей-тегжейлі бағдарламасын ұсынды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев үндеу жариялап, қазіргі президентті қолдайтынын айтты.
Елде кадрлық ауыс-түйістер болып жатыр. Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз қызметін қайта ұйымдастырып жатқанын хабарлады. Жоспарлаған дүниелер орындалып жатса, екі жылдан кейін Қ. Тоқаев президенттік сайлауға абыроймен қатыса алады. Алайда бәрі трайбализмге салынып, елдегі өзгерістер тек қожайынның ауысуынан аса алмаса, бұл Тоқаевтың қарсыластарына ұтымды мүмкіндік болмақ. Онда Қазақстан Украина сияқты сырттан басқарылады немесе Сириядай аласапыранмен арпалыспақ. Ендігі саясаткерлердің даналығы мен көпұлтты халықтың төзімділігіне үміттену ғана қалды.