«Қазақстан 2050» - қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат - Қ. Мәми
АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Барлық отандастарды Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі, ең киелі құндылығымыз - Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Бұл күннің тағы бір тарихи ерекшелігі - Тәуелсіздіктің 21 жылдығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына ену бағыты айқындалған ұлттық саяси даму стратегиясын белгілеп берді». Бұл туралы Сенат спикері Қайрат Мәми өзінің интернеттегі парақшасында жазады.
Палата Төрағасының жазуынша, Тәуелсіздікке ие болған жиырма бір жыл ішінде Тұңғыш Президенттің көшбасшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Көпұлтты Қазақстан ынтымағы жарасқан елге айналды. Еліміз ықпалды халқаралық ұйымдарға төрағалық етті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басын қосты. Өзін әлем тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бірінші ел ретінде танытты.
Ата заң құрметтеліп, халықтың сот билігіне сенімі артты, құқық қорғау органдарында жасалған жүйелі реформалар негізінде азаматтар құқығы мен бостандықтарын қорғауда еліміз абыройлы табыстарға қол жеткізді.
Бұдан бөлек, спикер Қ. Мәми мемлекетіміздің заман ағымына сай, өркениетті бағытта дамуы ұзақ уақытқа және қысқа мерзімдерге негізделген стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалардың негізінде жүйелілікпен жүзеге асырылып жатқанын, Елбасының бастамасымен жасалған «Қазақстан-2030» стратегиясы барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуін, қауіпсіздігін және әл-ауқатының артуын көздеп, бұл меже мерзімнен бұрын игерілгенін алға тартады. Қазақстанның аз уақыт ішінде қол жеткізген ұлы жеңістерін әлем мойындағанына назар аудартады.
«Бүгінде Елбасы экономиканы әртараптандыру және оны шикізаттық емес, жоғары технологиялық жолға қайта бағдарлау жөнінде жаңа міндеттерді алға қойып, үдемелі индустриядық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қарқын алып келеді. Азық-түлік пен энергетика бойынша Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жетекші елдер тобына кіріп отыр. Әлемдік дамудың тамырын дәл басып отыратын Нұрсұлтан Әбішұлы төрткүл дүниедегі: даму қарқынының еселенуі, зор демографиялық өсім, азық-түлік, ауыз су тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, индустриялық төңкеріс, әлеуметтік тұрақсыздық, көзқарастар қайшылықтары мен әлемдік жаңа экономикалық дағдарыс сияқты ғаламдық дағдарыстар мен қауіптерді басты назарға ала отырып, оған еліміздің «Қазақстан 2050» жаңа саяси стратегиялық даму бағытын қарсы қойып отыр. Болашақты алыстан болжайтын стратег саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдықты белгілеп берді.
Олар: жаңа бағыттың экономикалық саясаты, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа принцптері, білім және кәсіби біліктілік, мемлекеттілікті, қазақстандық демократияны дамыту, салиқалы сыртқы саясат, жаңа қазақстандық патриотизм.
ХХІ - ғасыр бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болатынына сенім білдірген Мемлекет басшысы Қазақстан халқын жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары - ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырды.
Елбасы белгілеп берген «Қазақстан 2050» жаңа саяси стратегиялық даму бағыты - қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат болып табылады»‑, деп жазады спикер Қ. Мәми.