Қазақстан әлем елдері алдында жалпыадамзаттық қауіпсіздік мәселесінде бітімгершілік әлеуетін паш етіп отыр

АСТАНА. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан әлем елдері алдында жалпыадамзаттық қауіпсіздік мәселесінде бітімгершілік әлеуетін паш етіп отыр.

Қазақстан әлем елдері алдында жалпыадамзаттық қауіпсіздік мәселесінде бітімгершілік әлеуетін паш етіп отыр
Бүгін елордада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше мемлекеттердің этномәдени бірлестіктерінің форумы барысында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі әлем күрделі жағдайды басынан кешіріп отыр. Экономикалық дағдарыс бүкіл әлемдегі әлеуметтік, саяси, этникалық және конфессияаралық қатынас жағдайларын ушықтырды. Тұрақсыздық белдеуі Азия құрлығын, Таяу Шығыстан Оңтүстік Шығыс Азияға дейінгі барлық аумақты шарпыды. Ал қақтығыстар негізі тарихы тереңге кеткен күрделі мәселелерде, батыс пен шығыстың ділдік айырмашылықтарында, өркениеттер қақтығысында жатыр. Әрине, күрделі сауалдарға да оңай жауап жоқ. Сондықтан да ғаламдық толқу қауіптеріне берілетін жауап та көпжақты болуы шарт. Осы тұрғыдан алғанда, АӨІСШК Азиялық қауіпсіздік мәселесі жүйесін қамтитын заңдық базаларды әзірлеп, қомақты шаралар атқарып отыр. Өңірлік қауіпсіздіктерді қамтамасыз етуде нақты тетіктер айқындалды. Бұл бағытта Қазақстан әлем елдері алдында жалпыадамзаттық қауіпсіздік мәселесінде бітімгершілік әлеуетін паш етіп отыр», деді Е. Тоғжанов. Оның айтуынша, Қазақстан мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогтың бастамашысы ғана емес, оны белсенді жүзеге асырушы да болып табылады. Мәселен, Қазақстан бірқатар мемлекеттермен қатар 2010 жылды Мәдениеттердің жақындасу жылы деп жариялауға да бастамашылық жасады.