Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан әлем қауымдастығына ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізуге болатынын көрсетті

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Екі күннен кейін ғаламшар тұрғындары алғаш ің тарих бетіне өшпестей болып із қалдыруына қазақ елі бастамашы болды.

Қазақстан әлем қауымдастығына ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізуге болатынын көрсетті

Өткен жылы Семей полигоны жабылған тамыздың 29-ын - жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартудың Дүниежүзілік күні деп жариялау туралы БҰҰ-ға ұсыныс енгізген Қазақстанға түсіністікпен қараған беделді ұйым 2009 жылы желтоқсанда атаулы күнді ресми жария етті. Жалпы, бұл күн қазақ халқының мәңгі жадында сақталады, өйткені дәл осы күні Семей полигоны Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен жабылғанын болатын.

Бүгін Астанада Ядролық жарылысқа қарсы іс-қимылдың Халықаралық күніне орай конференция ұйымдастырылып, онда сынақтарды тоқтатудың және ядролық қаруды жоюдың саяси жағдайларымен қатар, Семей аумағының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелері мен даму болашағы қаралды.

Ұлттық ақыл-ойдың Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды кемеңгерлері дүниеге келген, Алаш жұртының рухани әрі мәдени орталығы болған Семей топырағы 40 жылдан астам уақыт бойы ядролық қару сынақтарының салдарынан экологиясы бұзылып, халқы теңдессіз зардап шекті. Тарихи деректерге көз жүгірсек, алғаш рет 1949 жылы сынақ жасалған кезден бастап 1989 жылға дейінгі аралықта 490 ядролық жарылыс жасалса, оның 117-сі жер бетінде жүзеге асқан екен. Осы сынақтарға қоса химиялық жарылғыш заттарды қолдану арқылы 175 жарылыс өткізілген. Жалпы Семей полигонында жасалған бұл сынақтардың жиынтық қуаты Хиросима қаласына тасталған атом бомбысынан 2,5 мың есе артық. Ал қолдан жасалған апаттың салдарынан зардап шеккен адамдардың саны 1,5 миллионнан асып отыр. Демек, осындай алапат қасіретке душар қылған Семей полигонының символикалық мән-маңызы өте зор болып отырғандығы шындық. Қазіргі таңда бұл өңір қырып-жою қаруы нысаны ретіндегі өмірін толығымен тоқтатып, оның қарусыздану әрі бейбітшілікті нығайтуға бет бұрған өңір ретіндегі танымалдығы артып келеді. Өйткені дәл осы өңірде 2006 жылы қыркүйектің 8-інде Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия елдері арасында Ядролық қарудан азамат аймақ туралы шартқа қол қойылды. Бұның жаһандық әрі өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосылған маңызды ұжымдық үлесті білдірудегі мәні ерекше. Сонымен қатар әлем жұртшылығына киелі қазақ жерін бірнеше ондаған жылдар ойсыз ойрандап, жер асты былай тұрсын, тіпті ашық ауада адамзат өміріне аса қатерлі атом сынағына тосқауыл болған «Невада-Семей» қозғалысы да осы жерде құрылған болатын. Қозғалыс ядролық сынақ нысандарының жабылуына ғана ықпал етпей, сонымен қатар ауқымы кең қызметтерімен экологияға, табиғатты қорғау мәселелеріне, халықаралық деңгейлерде адам құқығы проблемаларын шешуге де мұрындық бола білді.

Яғни қазақ топырағында осындай ауқымды шараның өтуінің маңызы зор. Мемлекет басшысы Конференция қатысушыларына арнап өз Үндеуін жолдады. Елбасы Үндеуінде Қазақстанның қуаты жағынан әлемде төртінші болып табылатын ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартуы әлем тарихы бетінде ядролық сынақ полигонын жабу туралы халықтың еркін білдіруіне сәйкес бірінші рет жүзеге асырылған шара болғандығы баса айтылды. «Халықаралық қауымдастық ортасында алғаш рет атап өтілгелі отырған халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттер күні қарсаңында біз әлемді ядролық қатерден арылтуға бағытталған халықаралық кең ынтымақтастықтың тереңдей түсетініне сенім білдіреміз. Бұған бізді болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік міндеттейді. Барлық мемлекеттердің бірте-бірте ядросыз әлем мақсатына қарай жылжуы туралы жігерлілігі белгіленген Жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын қазірден бастап пысықтауды бастау маңызды», деді ҚР Президенті өз Үндеуінде.

Жалпы ядролық қарудан азат әлем идеясын жүзеге асыру жолында белсенді қызмет атқарып жүрген Елбасы Н.Назарбаев ағымдағы жылы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитіне қатысып, онда «таратпау және ядролық лаңкестік жайттарымен күрес саласындағы барлық халықаралық актілерге сарап­тамалық талдау жүргізіп, бір ғана бағдарлама­лық-стратегиялық құжатқа - ядролық қаруды баршаға ортақ көлбеу және тіктеп таратпау және жою туралы жаңа әмбебап шартқа келтіру қажет. Мұндай құжат "қосалқы стандарттарды" қолданбауға және оны бұзушыларға санкциялардың нақты тетіктеріне кепілдік беруі тиіс», деген болатын. сонымен қатар Н.Назарбаев "Ядролық клубқа" де-факто ядролық қаруы бар мемлекеттерді қосып, оның жаңа форматын заң­дас­тыратын уақыт жеткендігін де баса айтқан еді.

Ядролық клуб демекші, бүгінгі жиын барысында сөз алған ЮНЕСКО жанындағы еліміздің тұрақты өкілі Олжас Сүлейменовтың айтуына қарағанда, ядролық сынаққа халықаралық мораторий жарияланған 20 жылдан бергі уақытта аталған клубқа мүше мемлекеттердің ядролық жарылыстар жасамауының нәтижесінде үнемдеген қаржысы мол көрінеді. Осыны ескерген ол Біріккен Ұлттар Ұйымына Халықаралық ядролық сынақтан зардап шегушілерге көмек қорын құруды ұсынды. «Қазақстан жалғыз өзі біздің өз мойнымызға алып отырған ауыртпалықты еңсере алмайды. Сондықтан дәл осы күні біз БҰҰ тек Семейде ғана емес, осындай сынақтар орын алған жер бетінің басқа да бөліктерінде Халықаралық сынақтан зардап шегушілерге көмек қорын ұйымдастыруды қолға алуын ұсынғымыз келеді», деген О.Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, Ядролық клуб елдері миллиардтаған долларды үнемдеген көрінеді. Демек осы қаржының бір бөлігін ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен ғаламшар халқының денсаулығын жақсартуға бағыттау оң болары сөзсіз.

Елорда төрінде өткен жиынға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун да тілектестігін білдіріп, қатысушыларына жолдауын арнады. «Бүгінде Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан және Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруға қосылып отырған кезде Семей үміттің аса қуатты символы болып отыр. Ол бізге ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Осы бір ізгі істің сыртында басты қозғаушы күш тұр. Мамыр айында Ядролық қаруды таратпау туралы шартты шолу жөніндегі конференцияның нәтижесі бойынша ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режімі қолдау тапты. Дүниежүзі жетекшілері мен азаматтық қоғамның сенімді бастамасы саясатты өзгерту әрі қару-жарақ қорын қысқарту жолдарын көрсетеді», дейді Бас хатшы өз жолдауында. Алайда бұл прогреске қол жеткізу әсте оңай бола қоюы неғайбыл. Ол үшін БҰҰ-ның барлық мүше елдері тарапынан ең жоғары деңгейде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бұл мәселеге мейлінше үздіксіз күш-жігер мен белсенді назар аудару қажет етіледі. Дегенмен бұл бағытта қолға алынған нақты тетіктер де жүзеге асырылу үстінде. Аталған бағыттағы маңызды қадамдардың бірі 1996 жылы қабылданған Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт болып табылады. Алайда қабылданғанына 14 жыл болған құжат әлі күнге дейін күшіне енген жоқ. Осы жайтқа назар аударған Пан Ги Мун ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың Халықаралық күніне орай ұйымдастырылған конференцияға қатысушыларды оның 2012 жылға қарай күшіне енуіне қол жеткізу мақсатын алға қоюды үндеді. «Шарттың күшіне енуі қарсаңында мен барлық мемлекеттерді ядролық сынақтардың кез-келген түрлеріне мораторий енгізуге шақырамын», деді ол өз жолдауында.

Алқалы жиынның екінші сессиясында Семей аумағының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелері мен даму болашағы қаралып, онда бірқатар мәселелер бойынша нақты ұсыныстар әзірленді. Мәселен, қоршаған ортаны қорғау және ауыз суға қол жеткізу жолында тұрғындарға және қоршаған ортаға техногендік әсерді жүйелі түрде төмендету, ауыл шаруашылығында пайдалану үшін зақымданбаған бұрынғы ядролық сынақ жерлерін беру мүмкіндігі туралы халықты жан-жақты ақпараттандыру көзделді. Ал денсаулық сақтау саласында халықтың неғұрлым осал топтарын толыққанды мониторингілеу тетігімен әрі бюджеттен қаржы бөлу арқылы ана мен бала денсаулығының мәртебесін жақсарту бойынша ұзақ мерзімді жоспар әзірлеу, медициналық қызметтер сапасына бақылау жасау жүйесін желдіруді қамтамасыз ету сынды ұсыныстар жасалды.

Толықтай алғанда, бүгінгі халықаралық конференцияға қатысушылардың ойлары ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты күшіне енгізетін уақыт жетті дегенге тоқайласты.