Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экспорттаушы елдің қатарына енді - KAZNEX INVEST
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экспорттаушы елдің қатарына кірді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов айтты.
«Мемлекеттің дер кезінде тиісті шаралар қабылдауы мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында, біз 2013 жылы экспорт бойынша дағдарысқа дейінгі деңгейге жетіп қана қоймай, оны 20 пайызға арттыра алдық. Яғни аталған жылда біздің экспорт көлемі 85 млрд. долларға жетіп, еліміз әлемдегі ең ірі 50 экспорттаушы елдің қатарына енді», - деп атап өтті ол. М. Майкеновтың айтуынша, елімізде 180-200 мың экспорттық операциялар жасалады. Бүгінде Қазақстан әлемнің 120 елімен сауда-саттық қатынастар орнатқан. Экспортқа шығарылатын тауарлардың түрі де 880-нен 950-ге дейін өскен.