Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдында гуманитарлық көмек саласындағы өзінің белсенді ұстанымын дәлелдеп келеді - В. Божко
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдында гуманитарлық көмек саласындағы өзінің белсенді ұстанымын дәлелдеп келеді.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде еліміздегі азаматтық қорғаныс жүйелерін жетілдіру мәселелеріне арналған Үкімет сағатында баяндама жасаған Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті.
«Мәселен ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, төтенше жағдайлар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және Қырғыз Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру бойынша ағымдағы жылы жанар-жағар май және құрылыс материалдары, тамақ өнімдері, гигиена құралдары түрінде 7 млн. 488 мың 105 доллары сомасында гуманитарлық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда Қырғыз еліне жалпы сомасы 5 млн. 859 мың 111 долларға 230 мың тонна көлемінде көмір жөнелту жүзеге асырылуда», - деді министр.
Оның айтуынша, 2010 жылы мемлекеттік материалдық резервтен Тәжікстанға, Ауғанстан Ислам Республикасына, Молдоваға гуманитарлық көмек көрсету үшін жалпы сомасы 13 млн. 82 мың 507 доллардың заттары жіберілген. Бұл ретте гуманитарлық жүкте 7,5 мың тонна күріш жармасы, 1,6 млн. литрден астам сұйық май, 60 тонна кір сабын, 100 шатыр, 500 адамға арналған төсек-орын жабдықтары кіріп отыр.