Қазақстан алғашқы екі АЭС-ті неге Ресей мен Қытай компанияларына тапсырды — агенттік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергетикасы жөніндегі агенттік Kazinform сауалына жолдаған жауапта Қазақстан алғашқы екі АЭС-ті неге Ресей мен Қытай компаниясына тапсырып отырғанын түсіндірді.

— Техникалық сипаттамаларына келсек, барлық реактордың жобалық қызмет ету мерзімі — 60 жыл. Алайда кореялық APR1000 және француздық EPR1200 реакторларының нақты пайдаланылу тәжірибесі жоқ. Бұл тұрғыда ресейлік ВВЭР-1200, қытайлық HPR1000 және кореялық APR1400 технологияларының нақты тәжірибесі бар.
Ресей, Қытай және Франция ядролық отын циклының барлық кезеңіне қатысады, ал Корея бұл салаға толыққанды қатыспайды. Сонымен бірге, Ресей мен Қытай ядролық отын циклының жекелеген элементтерін Қазақстанда шоғырландыру мүмкіндігін қарастыруға дайын, — деп жазады агенттік сарапшылары.
Агенттік Ресей мен Қытай өз аумағынан бөлек басқа мемлекеттерде де 20-дан астам реактор салып жатқанын алға тартып отыр.
— Ал Франция мен Корея қазір тек екі реактордан салып жатыр: Кореяда — APR1400, Чехияда — APR1000, Ұлыбританияда — EPR1600 технологиясы бойынша.
Бұдан бөлек, Ресей мен Қытайда халықаралық консорциумдар жұмысына кең көлемде қатысу тәжірибесі бар. Олар түрлі өндірушілердің жабдықтарын бір жоба аясында тиімді түрде біріктіре алады.
Жалпы, қазір тек Ресей мен Қытай ғана қаржыландырудан бастап, ядролық-отын циклін қайта бөлуді оқшаулауға, кадрларды даярлауға, пайдаланылған ядролық отынды жобалауға, салуға және өңдеуге дейінгі қызметтердің толық кешенін дербес ұсына алады, — делінген агенттік жауабында.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан екінші АЭС салатын консорциумның тізгінін Қытайға беруге ниетті екенін мәлім болған еді.