Қазақстан арқылы өтетін жүктер қай жерде ұзақ бөгеледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин контейнерлік транзитті өзге елдерде ұйымдастыру мәселесіне баса назар аударды. Себебі жүктер Қазақстан арқылы жылдам өтсе де, көрші жатқан мемлекеттерде бөгеліп қалады. Соның салдарынан контейнерлік тасымалдың мерзімі ұзарып, тиімділігі төмендейді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» алдына үлкен міндет қойылып отыр. 2020 жылға дейін контейнерлік тасымалды 2 миллионға дейін жеткізу керек. Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Естеріңізде болса, 2011 жылда Қытай-Еуропа бағытында контейнерлік тасымалдың көлемі шамамен 1 мың дана болды. Биыл біз аталған көрсеткішті 400 мыңға жеткіземіз деп отырмыз», - деді А.Мамин отандық көлік-логистика кешенін дамыту мәселелеріне арналған республикалық кеңесте.
Осы орайда Үкімет басшысының орынбасары ортақ маршрутта жатқан әріптес-мемлекеттердің контейнерлерді қаншалықты жылдам өткізіп жатқанын сұрады. Себебі өткен жылы Польша жерінде біраз кідіріс байқалған.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Қанат Алпысбаевтың айтуынша, контейнерлерді Беларусь және Польша арқылы өткізу кезінде бірқатар мәселелер бар.
«Осыған байланысты Біріккен көлік-логистика компаниясы екі елдің арасында қосымша шекара бекеттері бойынша жұмыс жасап жатыр. Бұдан бөлек, Балтық жағалуының инфрақұрылымын, нақты айтсақ, Калининград, Клайпеда, Рига сияқты қалалардың порттарын пайдаланып, қазіргі маршруттарды әртараптандыру мәселесі қаралып жатыр», - дейді Қ.Алпысбаев.
Асқар Мамин Түркіменстан мен Иран арасындағы өткізу бекетін де еске алды. "Сол жерде контейнерлер тасымалы бөгелетін. Қазір жағдай қалай болып жатыр?", - деп сұрады ол. "ҚТЖ" басшысының сөзіне қарағанда, Иранның Горган қаласында Қазақстанның жеке терминалын салу қажет. Сонда жүк тасымалын ешбір қиындықсыз жүргізуге болады.
«Сосын өткен жылы Грузия мен Түркия арасында өткізу бекеті ашылған болатын. Білуімізше, ол жерде де бірқатар қиындықтар бар деп естідік. Себебі бір мемлекеттен екінші мемлекетке кіргенде темір жолдың ені өзгереді. Сонда табанды ауыстыруға келгенде грузин жағының тәжірибесі аздау көрінеді. Әріптестерімізге көмектесетін шығармыз. Бәлкім, бірлескен компанияны құрып, сол жердегі жұмысты жылдам ұйымдастырамыз ба, қайтеміз?", - деді А.Мамин.
«ҚТЖ» басшысы Қанат Алпысбаевтың айтуынша, аталған мәселе тиісті мекемелердің деңгейінде талқыланды. Екі түрлі жолдың түйіскен жеріне мамандар да барып қайтты.
«Біз өз тарапымыздан аталған бекетті «Қазақстан темір жолы» компаниясының басқаруына беру туралы ұсынысты бердік. Себебі, шынымен де, әріптестеріміздің табанды ауыстыру саласында тәжірибесі аздау болып тұр. Меніңше, бірінші тоқсанның аяғына дейін барлық мәселелерді пысықтайтын боламыз», - деп атап көрсетті Қ.Алпысбаев.