Қазақстан астығын Ресейге экспорттау тоқтай ма

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Россельхознадзордың Қазақстаннан Ресейге астық, қызанақ, күнбағысты экспорттауды тоқтата тұру туралы өтінішіне қатысты пікір білдірді.

астық экспорты
Коллаж: Kazinform/Pixabay

Бұл тұрғыда көрші мемлекет Қазақстан өнімдерінде зиянкестер мен бактерияларды анықтау жағдайлары көбейгенін алға тартып отыр.

Өз кезегінде Е.Кенжеханұлы биыл қыркүйек айының ортасында Россельхознадзордан өтініш түскенін растады. 

«Атап айтқанда, біздің министрлік Россельхознадзордан анықталған кемшіліктерді растайтын деректерді ұсынуды сұрады. Яғни осындай жағдайдың (отандық өнімде зиянкестердің анықталуы) шынымен орын алғанына көз жеткізуіміз қажет. Анықталған зерттеулер мен осы жұмыстардың нәтижелері бойынша тиісті актілерді сұрадық. Дегенмен, ресейлік жақтан тиісті жауап әлі болмады», - деді вице-министр Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол көрші елдің жауапты ұйымынан нақты жауап келгеннен кейін, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты. 

«Біздің зертханалар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және зиянкестерді толықтай анықтап жатады. Экспорттау кезінде біздің жақтан талаптарды бұзу деректері анықталмады. Сондықтан біз Россельхознадзордан қосымша ақпарат сұрадық», - деді Ермек Кенжеханұлы.

Еске сала кетейік, биыл тамыз айында 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін бидайды (СЭҚ ТН коды: 1001) Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрімен әкелуге тыйым салу туралы шешім қабылданды

Соңғы жаңалықтар