Қазақстан атом саласын қалай дамытады: 2050 жылға дейінгі жоспар

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ядролық қаруды таратпауға қатысты жауапты ұстаным қабылдады. 1994 жылдан бастап ел Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке (МАГАТЭ) мүше болды. Содан бері бейбіт атом саласындағы әртүрлі бағдарламаларға тұрақты түрде қатысып келеді.

Қазақстан атом саласын қалай дамытады: 2050 жылға дейінгі жоспар
Фото: Kanva

Қазақстанның халықаралық бастамалардағы орны

Қазақстан – уран өндіру көлемі бойынша көш бастап тұрған елдердің қатарында. Өз аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру арқылы жаһандық ядролық қауіпсіздікке үлес қосты. 

Елдегі ғылыми инфрақұрылым да осы халықаралық жобаларға белсенді атсалысып жатыр деуге болады. ҚР Ұлттық ядролық орталығы – үш ірі ғылыми институт арқылы 1 800-ден астам маманның басын қосып отыр. Мұнда қауіпсіздік, термоядролық синтез, радиациялық материалтану, қалдықтарды басқару сияқты бағыттарда зерттеулер жүргізіледі. Кейінгі жылдары бірқатар реактор мен зертханалар жаңғыртылғаны және бар.

Ғылым мен өндірістің тоғысы

Ядролық физика институты – Қазақстанның атом саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп отырған негізгі орталықтарының бірі. Мұнда радиациялық стерилизация, нейтронды талдау, медициналық және өнеркәсіптік мақсаттағы изотоптар өндірісі жолға қойылған. Изотоптар қатерлі ісіктерді анықтау мен емдеуде, өнеркәсіпті бақылау жүйелерінде кеңінен қолданылады.

Институт тек МАГАТЭ-мен ғана емес, Жапония, Германия, Ресей және АҚШ зертханаларымен де ынтымақтасып отыр. Мысалы, 2024 жылдан бастап Қырғызстанға Молибден-99 генераторларын жеткізіп келеді. Бұл Қазақстанның аймақтық деңгейде де маңызды ойыншыға айналып келе жатқанын көрсетеді.

Кадр саясаты

Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЕҰУ, АЭжБУ, Ядролық физика институты атом саласының мамандарын дайындауда біршама тәжірибесі бар білім ордалары болып есептеледі.

Студенттер мен жас ғалымдар осы оуқы орындарында тағылымдамалар, мен халықаралық курстардан өтіп, тренингтерге қатысады. «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдік жетекші университеттерде ядролық мамандық игеріп жатқандар бар. Сонымен бірге Ресейдің МИФИ университетімен, Жапонияның Хоккайдо университетімен, Дубнадағы Біріккен ядролық зерттеулер институтымен келісімдер бар.

Елде АЭС салу басталған кезде мамандарға сұраныс күрт өсетіні анық. Құрылыстың өзінде ғана 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деген епес бар. Ал стансаны пайдалану кезінде 2 мыңнан астам қызметкер керек. Оның ішінде 600-ден астамы жоғары білікті инженер мен физик қажет болады. Осыған байланысты қолданбалы бакалавриат курстары енгізіліп, реактор операторларын, техниктерді даярлау басталып кетті.

Қазірдің өзінде елімізде радиациялық қауіпсіздік, жобалау, ақпараттық қауіпсіздік, материалтану салаларында білікті кадрлар тапшы. Бұл мәселе жаңа стратегияларда басты назарда болмақ.

2050 жылға дейінгі стратегия

Атом энергиясы жөніндегі агенттік 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын дайындап жатыр. Қазір бұл құжат өзге мемлекеттік органдардың мақұлдауына жіберілген.

Стратегияның негізгі мақсаты – ядролық кластер қалыптастыру. Бұл мақсат салу, ядролық отын өндірісін дамыту, радиоактивті қалдықтарды басқару, ғылым мен медицинаны дамыту, өндірісті жергілікті аумаққа шоғырдандыру сияқты кезеңдерден тұрады.

– Стратегия Қазақстанда заманауи әрі жоғары бәсекелі ядролық кластерді қалыптастыруға арналған. Бұл құжатта радиациялық және физикалық қауіпсіздікке, ядролық ғылым мен медицинаны дамытуға, өндірісті жергіліктендіруге және отандық мамандарды тартуға ерекше назар аударылған, - дейді агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

Қазақстан – уран қоры жөнінен әлемдік деңгейде көшбасшылардың бірі. Өндірістік инфрақұрылымы, ғылыми базасы, тәжірибелі мамандары бар. Осы артықшылықтарды пайдалана отырып, уран өндіруден бастап энергия өндіруге дейінгі толық ядролық циклді түзе алады. Бұл – экономиканың тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздікке қосымша кепіл болатын қадам.

– Бұл ресурстар ұлттық ядролық бағдарламаны іске қосу мен дамытуда мықты іргетас бола алады. Біз уран өндіруден бастап ядролық-отын тізбегін тұтас түзуге мүдделіміз. Бұл ретте Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы халықаралық міндеттемелерді, АЭХА ұсынымдарын қатаң сақтайды, - дейді агенттік басшысы.

Айта кетейік, бүгін – атом саласы қызметкерлерінің күні.

Соңғы жаңалықтар