Қазақстан Ауған ұлттық қауіпсіздік күштерін даярлау халықаралық қорына 2 млн. АҚШ доллар бөлмек - Н. Нығматуллин

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Саманган провинциясының инфрақұрылымын жетілдіруге қосымша қаржы бөлуді және Ауған ұлттық қауіпсіздік күштерін даярлау халықаралық қорына 2 миллион АҚШ долларын бағыттауды жоспарлауда.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада Орталық Азия елдері және Ауғанстанның экономикалық ынтымақтастық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара іс-қимылы» атты халықаралық дөңгелек үстелде ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин мәлім етті.

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Ауғанстанға мектептер, емханалар, жолдар салуда және азық-түлік жөнелтуде бірнеше жыл қатарынан көмек беріп келеді. Қазақстан Мемлекеті басшысының бастамасымен қазірдің өзінде Ауғанстандағы жастарға білім беру бағдарламасына 50 миллион АҚШ долларын бөлінді. Білім беру бейбіт мамандықтар бойынша өткізілуде. Өйткені олар кейін өз елдерін, жаңа экономикасын құруға, емханаларды, мектептерді салуға, сайып келгенде, мемлекеттің тұғырын көтеруге атсалысатын болады», - деп атап өтті ол. 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 400-ден астам ауған студенті білім алуда.

«Қазақстан Ауғанстан еліне көмек беруді әрі қарай жалғастыра береді. Осы орайда Орталық Азия мемлекеттерімен бірге жобаларды атқару маңызды деп санаймыз», - деп түйіндеді сөзін Н.Нығматуллин.   

ҚР Парламенті Мәжілісі ұйымдастырып отырған дөңгелек үстелге Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан парламентшілері мен сарапшылары, халықаралық ұйым өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар