Қазақстан Ауғанстан жерінде кен орындарын игермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Ауғанстанға экспорттық әлеуеттің мүмкіндігі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Ауғанстан жерінде кен орындарын игермек

«Ауғанстанға өнім экспортты 520 млн доллардан астам болды. Бұл тұрғыда бидай, ұн, зығыр және табиғи газ қамтылды. Дегенмен де біздің экспортты тағы да 24 тауарлық позицияға ұлғайту мүмкіндігі бар. Қазіргі кезде Өзбекстан, Түркіменстан және Ауғанстанмен арада тиісті келіссөздер жүріп жатыр. Яғни бұл тұрғыда біздің экспорттық өнімді орналастыру үшін терминалдардың жүктемесіне қатысты талқылау болды», - деді вице-министр Тимур Тоқтабаев Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, Ауғанстан аумағында жаңа жүк терминалдарының құрылысы пысықталуда.

«Теміржол және автокөлік көлігіне тоқталсақ, бүгінде преспективалы жобалардың бірлескен тізбесі құрылуда. Тиісті құжаттар министрліктер арасында өзара жіберілді. Енді Ауғанстан тарапынан жауап күтіп отырмыз. Сонымен қатар кен орнын пайдалану тұрғысында да перспектива бар», - деді Тоқтабаев.

Оның айтуынша, аталған елде мұнайдың, мыстың, бериллидің, марганецтің және қалайының үлкен көлемі шоғырланған. «ҚазМұнайГаз», «Қазгеология» компаниялары әлеуетті жобаларды іріктеу келіссөздерін жүргізуде. Ірі жобалар бойынша үш мұнай кен орны қарастырылып жатыр. Осы орайда жақын арада тиісті нәтиже болады деп күтілуде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Ауғанстандағы теміржол құрылысына үлесін қосады.