Қазақстан азаматтары қай елдерге жұмысқа тұруға жиі барады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір шетелге жұмысқа шыққан Қазақстан азаматтарының саны 120 мыңнан асты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті.

мигранты
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

- Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелде 126 мың адам жұмыс істеп жүр. Оның 102 мыңы Ресей Федерациясында, 15 мыңы Оңтүстік Кореяда, 2 мыңға жуығы Ұлыбритания мен Еуропа одағы елдерінде, - деді А. Ертаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан басқа елдермен ресми жұмыспен қамту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы орайда Еуропа елдерімен және Оңтүстік Кореямен келісімдерге қол қою жоспары бар.

- Дегенмен, көп елмен мұндай келісімдер жасалмаған. Мәселен, Еуропа одағы елдерімен тиісті құжатты бекітуді жоспарлап отырмыз. Көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында қазақстандықтар жұмысқа орналасу үшін жиі баратын елдерді қамтуға бағытталған шаралар нақты көрсетілген, - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

 

Соңғы жаңалықтар