Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан азаматтары үшін шетелде баланың туғанын тіркеу ережелері өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Шет мемлекеттерде азаматтық хал актілерін тіркеу қағидалары жаңартылды. Жаңа нормалар Қазақстан азаматтарының шетелде баланың тууын, некеге тұруды, некені бұзуды және қайтыс болуды тіркеу тәртібін қамтиды. 

новорожденный, роды, ребенок, младенец
Фото: freepik.com

Аталған өзгерістер 2026 жылғы 30 шілдеде Сыртқы істер министрінің бұйрығымен енгізілді. Қағидалардың жаңа редакциясы 2026 жылғы 17 тамыздан бастап күшіне енеді.

Өзгерістер бес мемлекеттік қызметті реттейді:

  • шетелде баланың тууын тіркеу;
  • шетелде некені тіркеу;
  • шетелде некені бұзуды тіркеу;
  • шетелде қайтыс болуды тіркеу;
  • азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер мен анықтамаларды беру.

Бала шетелде дүниеге келсе, қалай тіркеуге болады

Баланың тууын тіркеу үшін ата-анасы немесе өзге де мүдделі тұлғалар сәби туған күннен бастап екі айдан кешіктірмей өтініш беруі тиіс. Егер сәби өлі туған болса, өтініш бес тәулік ішінде тапсырылуы қажет.

Өтінішті жазбаша түрде немесе «электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады. Алайда портал арқылы өтініш беруге тек ата-анасының екеуі де Қазақстан азаматы болып, қазақстандық үлгідегі неке туралы куәлігі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Құжаттарды қабылдағанда, маман көшірмелерді түпнұсқаларымен салыстырып, кейін түпнұсқаларды қайтарады.

Тіркеу қанша уақыт алады

Қызмет көрсету мерзімі өтініш беру тәсіліне байланысты әртүрлі:

  • Мемлекеттік қызмет көрсетушіге тікелей жүгінген жағдайда — 5 жұмыс күніне дейін;
  • Электрондық үкімет порталы арқылы өтініш берген жағдайда — 3 жұмыс күніне дейін.

Онлайн өтініш бергеннен кейін оның мәртебесі, сондай-ақ нәтижені алу күні мен уақыты пайдаланушының жеке кабинетінде көрсетіледі.

Егер өтініште толық мәлімет берілмесе, барлық қажетті құжат ұсынылмаса немесе құжаттардың бірінің жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, өтініш қабылданбайды. Кемшіліктер түзетілгеннен кейін құжаттарды қайта тапсыруға болады.

Тіркеу үдерісі қалай жүзеге асады

Азаматтық хал актілерін тіркеудің ақпараттық жүйесіне мәліметтер енгізілгеннен кейін туу туралы акт жазбасы рәсімделіп, туу туралы куәлік беріледі.

Портал арқылы өтініш берілген жағдайда:

  • бірінші жұмыс күні құжаттар тексеріледі;
  • келесі жұмыс күні мәліметтер жүйеге енгізіледі;
  • одан кейінгі бір жұмыс күнінде акт жазбасы рәсімделіп, туу туралы куәлік дайындалады.

Құжат дайын болған соң, өтініш берушіге табысталады. Ал қызмет көрсетуден бас тартылған жағдайда себебі түсіндірілген жауап жіберіледі.

Сәбидің ата-анасы некеде тұрмаса, не болады

Жаңартылған қағидаларда әкелікті анықтау тәртібі де нақтыланған.

Егер бала дүниеге келген кезде ата-анасы ресми некеде тұрмаса, туу туралы өтінішпен бірге әкелікті немесе аналықты анықтау туралы бірлескен өтініш беруге болады. Құжаттар тексерілгеннен кейін, тиісті мәліметтер туу туралы акт жазбасына енгізіледі. Осыдан кейін туу туралы куәлік жаңартылған мәліметтермен рәсімделеді. Ескертетін жайт — әкелікті анықтау туралы өтінішті өкіл арқылы беруге рұқсат етілмейді, ата-ана оны жеке өздері тапсыруы қажет.

Бала бір жасқа толған болса, не істеу керек

Жаңартылған қағидаларда баланың жасына қарай туу туралы акт жазбасын рәсімдеу тәртібі де нақтыланды.

  • Егер бала бір жасқа толмаған болса, оның өмірге келуі ағымдағы тууды тіркеу кітабына енгізіледі.
  • Егер бала бір жасқа толған немесе одан үлкен болса, қалпына келтірілген туу туралы акт жазбасы рәсімделеді.

Қорыта айтқанда, 2026 жылғы 17 тамыздан бастап шетелдегі Қазақстан азаматтары үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барынша жүйеленген тәртібі қолданысқа енгізіледі. Сондай-ақ, қағидаларда көзделген жағдайларда баланың тууын «электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн тіркеу мүмкіндігі де қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін бала тууға байланысты жәрдемақыны ең көп рәсімдейтін өңірлер белгілі болғанын жазғанбыз.