Қазақстан Әзербайжан арқылы энергия ресурстары транзитін арттырмақ

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан мен Әзербайжан сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Казахстан и Азербайджан активизируют работу Межправкомиссии
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Бұл мәселе Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел мен Қазақстан-Әзербайжан сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы, Әзербайжан Премьер-Министрінің орынбасары Самир Шарифовтің кездесуінде қаралды.

Тараптар қазақ-әзербайжан қатынастарының жоғары қарқынын атап өтіп, бірлескен жобаларды іске асыру барысын талқылады.

Атап айтқанда, Алят портындағы интермодальды терминал құрылысы, Баку астық терминалын дамыту, Қазақстанның теміржол техникасын жеткізуді кеңейту және Қазақстанның энергетикалық ресурстарын Әзербайжан аумағы арқылы транзиттеу көлемін арттыру мәселелері қарастырылды.

Сондай-ақ Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыруға ерекше назар аударылды.

Тараптар 2024 жылы құрылған бірлескен инвестициялық қордың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны нығайту перспективаларын талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін растады.

Осығн дейін Қазақстан мен Әзербайжан экономиканың жаңа моделін қалай қалыптастырып жатқаны жөнінде сараптама жарияладық.