«Қазақстан Барысы — 2025» турниріне қатысатын балуандар салмақ өлшеді
АСТАНА.KAZINFORM — «Қазақстан Барысы — 2025» республикалық турниріне қатысатын балуандар бүгін Астана қаласындағы «Damu Mall» сауда орталығында салмақ өлшеу рәсімінен өтті.
Аталған шарада биылғы жарысқа қатысатын 43 балуан көпшіліктің алдында таразыда тұрып, спортшылардың салмағы тіркелді.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, 14-ші мәрте алауы тұтанғалы отырған финалдық жарыс 18 қазан күні елорда төріндегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

Турнирге еліміздің барлық облысы мен ірі қалаларындағы іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысады. Сонымен қатар өткен жылғы «Қазақстан Барысы — 2024» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаев және «Әскер Барысы» сайысынан екі спортшы додаға қосылады.

Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 27 000 000 теңге. 1-орын үшін — 15 000 000 теңге. 2-орын үшін — 3 300 000 теңге. 3-орын үшін — 1 080 000 теңге. Сонымен қатар, әр жеңіске жеткен белдесуі үшін балуанға 100 000 теңге беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін «Қазақстан Барысы — 2025» турниріне қатысатын 43 балуанның есімін жариялаған едік.