Қазақстан бәсекелестік саладағы заңнамасын жетілдіру үшін не істеуі керек – ЭЫДҰ ұсынымдары
АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда еліміздің бәсекелестік саласындағы заңнамасы мен саясатына арналған екінші эксперттік шолуды таныстыру рәсімі өтті.
- Шолу - ағымдағы және болашақтағы реформаларымыз үшін маңызды бағдар. Бірінші шолудан бері Қазақстан халықаралық стандарттарға сай заңнаманы жетілдіруге бағытталған реформаларға берік ұстаным көрсетіп отыр, – деді кездесуді ашқан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров.
2025 жылдың маусым айында Парижде шолу жобасы ЭЫДҰ Бәсекелестік комитетінің төрағасы тарапынан бекітілген. Эксперттік шолу — бұл елдің бәсекелестік заңнамасы мен саясатын талдаудың екінші кезеңі. Бірінші шолу 2016 жылы ЭЫДҰ тарапынан жүргізілген болатын. Шолу соңғы 10 жылдағы жүргізілген реформаларды қамтиды.
Сонымен ЭЫДҰ Қазақстанның бәсекелестік саясатын жетілдіру және құқық қолдануды күшейту бойынша мынадай ұсынымдар беріп отыр:
- монополияға қарсы құқық бойынша мамандандырылған апелляциялық соттар құру мүмкіндігін зерделеу, судьялар үшін бәсекелестік мәселелері бойынша арнайы даярлық пен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, апелляциялық соттарда шағымдарды қарауға жеткілікті процессуалдық мерзімдер белгілеу;
- бәсекелестік туралы заңнаманы бұзғаны үшін қолданылатын айыппұлдарды АЕК негізінде есептеу әдістемесінен бас тартып, олардың мөлшерін бұзушының айналымынан есептелетін пайыз түрінде белгілеу;
- бәсекелестік туралы заңнамадағы «жұмсақ құқық» құралдарын құқық қолдану практикасына енгізудің әсерін мұқият бағалау;
- бәсекелестікке қауіп төндірмейтін мәмілелер үшін оңайлатылған рәсімдер мен хабарлама нысандарын сақтау;
- бірыңғай операторлар мен табиғи монополияларды құруды шектеу;
- монополияға қарсы органның қызметінің ашықтығын күшейту, агенттіктің (Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі) барлық шешімін толық көлемде жариялауды, құпия және коммерциялық тұрғыдан сезімтал ақпараттың тиісті деңгейде қорғалуын қамтамасыз ету;
- монополияға қарсы бақылаудың жеделдігін және тиімділігін арттыру мақсатында қолданыстағы тергеуді бастау туралы хабарландыру жүйесін шектеу немесе толық жою мүмкіндігін қарастыру.
Таяуда Қазақстан ЭЫДҰ алаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформа нәтижелерін таныстырған еді.