Қазақстан Беларус ғалымдарымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Беларустың алдыңғы қатарлы ғалымдарымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі.
Бұл туралы БЕЛТА агенттігінің тілшісіне бүгін Минскде өтіп жатқан ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитеті жанындағы Білім беру жөніндегі кеңес отырысына қатысқан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Беларуста инновациялық сала жақсы дамып келеді, ғылыми нәтижелерді коммерциялау жөніндегі жұмыстар белсенді атқарылып жатыр», - деді Бақытжан Жұмағұлов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге асырылуда, бағдарлама аясында Беларустың алдыңғы қатарлы ғалымдарымен ынтымақтастық орнатуға болады. Минскіде жүрген Қазақстанның Білім және ғылым министрі «оларды Қазақстандағы бірлескен жұмыстарға тарту мақсатымен» беларустық ғалымдардың ең үздік туындыларымен танысуға ниетті.
Беларус, Қазақстан және Ресей арасында бірыңғай білім беру кеңістігін құру мәселесіне қатысты сөз алған Бақытжан Жұмағұлов, ғылыми-педагогикалық кадрларды аттестациядан өткізу және білім алғандығы туралы дипломды өзара мойындау мәселесін шешудің маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстандағы кадрларды даярлау 10 жылдан астам уақыттан бері еуропалық стандарт бойынша жүргізілуде. Осыған байланысты, біздің елде Беларус және Ресеймен салыстырғанда ғылыми кадрларды аттестациядан өткізу үрдісі басқа болып табылады. Сіздерде ғылым мен білім беруді қатаң бөлу үрдісі сақталған, ал Қазақтан ғылыми орталықтарды ЖОО-ларға ауыстыруға көшкен. Сонымен қатар, Қазақстанда ғылым кандидаттарын даярлау тоқтатылды, біз магистранттар мен ғылым доктарларын ғана оқытамыз. Осы ерекшеліктердің барлығы бірыңғай білім беру кеңістігін құру кезінде реттелуі керек» , - деп түсіндірді Бақытжан Жұмағұлов.