Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасы жаңа кезеңге ойысты – саясаттанушы
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға сапары екі елдің саяси-экономикалық байланысына оң серпін бермек. Мұндай болжамды ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші бас сарапшысы Марат Рамазанов айтты.
Оның сөзінше, алдағы кездесу бірнеше салаға айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Алғашқысы, сауда-экономика бағыты. Себебі Бельгия – Бенилюкс өңірі мен Еуропалық одақ елдері ішіндегі Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесінің бірі. Өткен жылы еларалық тауар айналымы 27,6 пайызға өсіп, 582,4 миллион АҚШ долларын құраған.
– Өсім екі елдің іскерлік ортадағы қызығушылық пен сауданың әртараптанғанын көрсетеді. Мысалы, дәстүрлі шикізат тасымалынан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдері мен машина жасау саласының тауарлары да экспорт құрылымында маңызды орын ала бастады.
Оның үстіне бізде бельгиялық капиталдың қатысуымен құрылған 110-нан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында инфрақұрылым, логистика және тамақ өнеркәсібі салаларында қызмет ететін Jan De Nul, Sarens Group, Ahlers және Puratos секілді ірі компаниялар бар, – дейді спикер.
Марат Рамазанов Брюссельдің бизнес ортасы да Қазақстан нарығына енуге ынталы деп отыр. Қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығының жобаларына бельгиялық YouInWay, Company Secretaries Forum, KAML және Space Minerals компаниялары үлес қосуда.
– Инвестициялық ынтымақтастық ерекше назар аударуға тұрарлық. Брюссель Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салатын он елдің қатарына кіреді. 2025 жылы Бельгиядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 1 миллиард АҚШ долларынан асты. Ал 2005 жылдан бері жинақталған инвестиция көлемі шамамен 15 миллиард долларға жетті, – дейді ол.
Сарапшының болжамынша, келіссөздің келесі тақырыбы мәдени-гуманитарлық бағытқа арналуы ықтимал. Себебі соңғы жылдары бұл салада елеулі серпін байқалады: Брюссель мен Гент қалаларында қазақ мәдени орталығы ашылды, «Shanyraq Dialogues» сараптамалық диалог алаңы мен «Shanyraq Fest» мәдени фестивалі тұрақты ұйымдастырылып келеді. Оған қоса Мәжіліс пен Сенат Бельгия федералдық парламентімен тығыс әріптестік орнатқан.
– Ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту де жоспарланып отыр. Осы мақсатта Монс, Льеж, Намюр университеттері және Брюссель дипломатиялық академиясымен байланыс орнатылған, – дейді Марат Рамазанов.
Президенттің Бельгияға сапарынан кейін Еуропалық одақтың жалпы Орталық Азия аймағына деген экономикалық көзқарасы өзгеруі ғажап емес. Марат Рамазановтың пікірінше, мұндай оң динамикаға Қазақстанның қосар үлесі зор.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге баруы – кезекті дипломатиялық шара емес, бұл – еуропалық қауымдастыққа жолданған стратегиялық белгі. Нақты айтсақ, Қазақстан орта держава ретінде ұзақ мерзімді әріптестік орнатып отырғанын дәлелдеп отыр.
Ал екіжақты жоғары деңгейдегі келіссөздердің саяси мәні басым. Мемлекет басшылары арасындағы тікелей диалог қалыптасқан кедергілерді жоюға, бұрын қол жеткізілген келісімдерді жедел іске асыруға және ынтымақтастықтың жаңа бағытын ашуға ықпал етеді, – дейді Марат Рамазанов.
Бүгін «Қазақстан темір жолы» Брюссельде Транскаспий бағытының стратегиялық әлеуетін таныстырды.
Сондай-ақ бұған дейін Қазақстан-Бельгия арасындағы стратегиялық әріптестіктің негізгі бағыттарын талдадық.