Қазақстан бидай импортына тыйым салмақ
АСТАНА.KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағына автомобиль, су және теміржол көлігі арқылы бидай импортын уақытша шектеуді көздейтін бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Министрлік құжатқа қатысты ұсыныстар мен ескертулерді қабылдауға дайын.
— Үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Қазақстан Республикасының аумағына құс шаруашылығы және астық өңдеу кәсіпорындарының, лицензияланған элеваторлардың, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының мекенжайына теміржол көлігімен бидай әкелуді қоспағанда, автомобиль, су және теміржол көлігімен бидайды (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды: 1001) әкелуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін, — делінген құжатта.
Ережеге сай құс шаруашылығы және астық өңдеу кәсіпорындарының мекенжайына әкелінген бидай ішкі және сыртқы нарықтарда өткізілмеуі (сатылмауы) тиіс екені айтылған.
— Тыйым салу Қазақстан Республикасының аумағына теміржол транзиттік тасымалдары шеңберінде әкелінетін бидайға, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына орнын ауыстыруға қолданылмайды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін агроөнеркәсіп кешенінде астық өткізу шығындарын өтеу тәртібі өзгеретінін жаздық.