Агроөнеркәсіп кешенінде астық өткізу шығындарын өтеу тәртібі өзгермек
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік астығын ішкі нарыққа өткізу кезінде ұлттық компания шығындарын өтеу тәртібін регламенттейтін субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
Түзетулер қолданыстағы № 199 бұйрыққа қатысты болып, шығындарды өтеу механизмін нақтылауға бағытталған.
Жобадағы өзгерістер енгізу әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетігінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Жоба ішкі сауданың дамуын қолдайды және азық-түлік ресурстарының аймақтар арасында біркелкі бөлінуіне ықпал етеді.
— Жоба мамандандырылған ұйымдарға қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын толық жүктеуді қамтамасыз ету үшін қажетті көлемдегі астықты тікелей сатып алуға және оны кейіннен басқа өңірлердің мамандандырылған ұйымдары арқылы нарықтық бағадан төмен бағамен өткізуге мүмкіндік беруді көздейді, — делінген құжатта.
Жобаны талқылау 30 маусымға дейін жалғасады.