Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы керқұландарды бақылауды күшейтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда керқұландарды қайта жерсіндіру жобасы үшін биылғы қыс сынақ пен бақылауға толы кезең болды. Түрлі қиындықтарға қарамастан, жануарлар қысты қалыпты өткерді. Қазір олар көктемгі маусымға дайындықты бастап кетті. Толығырақ Kazinform тілшісінің материалында қамтылған.
Бейімделу жақсы өтті
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының (ҚБСА) атқарушы директоры Вера Воронованың айтуынша, 2025 жылдың маусымында әкелінген жаңа үйір ортаға ойдағыдан жақсы бейімделген. Қазір жылқылар көктемге қам жасап жатыр, мамандар да сол кезеңге дайындық жүргізуді бастап кеткен.
– Жылқылардың қысқы жүні жақсы өсті. Белсенділігі төмендеген жоқ, әлсіреу не ауру белгілері байқалмады. Аяз күшейген кезде қозғалыс азайып, көбірек жайылды. Бұл – табиғи құбылыс. Мұндай мінез-құлықты біз керқұландардан ғана емес, құландардан да байқаймыз. Әдетте суықта қосымша жем-шөп береміз, бірақ рационын бірден өзгертпейміз, - деді Вера Воронова.
Қосымша азық ретінде негізінен шөп пайдаланылады. Аз мөлшерде және ара салып, сұлы мен жоңышқа беріледі. Бұл тәсіл жылқылардың күйін сақтап, табиғи қоректену әдетін бұзбауға мүмкіндік береді.

Жайылымға жіберілген үйірдегі қиындық
Өткен жылы жабайы ортаға жіберілген үйірде жағдай күрделірек болған көрінеді. Зорро есімді айғыр аяғын ауыр жарақаттап алған. Сүйегі бірнеше жерден сынып, бытырап кеткен.
Мамандар алдымен оған су мен жемді еркін жеуге жағдай жасады. Кейін тексеру үшін оқшаулады. Жағдайға Қазақстан ветеринарлары, Германиядағы Лейбниц атындағы жабайы жануарларды зерттеу институтының мамандары, сондай-ақ Прага мен Берлин хайуанаттар бағының және Мажарстандағы әріптестер тартылды. Ортақ шешіммен эвтаназия жасауға тура келді. Себебі жарақаты қауіпті еді.
– Әртүрлі нұсқаларды қарастырдық. Бірақ сүйектің зақымдануы тым ауыр болды, - деді Воронова.
Мамандардың бағалауынша, бұл оқиғаға адам факторынан гөрі табиғи себеп сеп болуы мүмкін. Жануардың аяғы жартастың жарығына не інге қысылып қалып, босатуға тырысқанда қатты зақымданған болуы ықтимал.

Табиғаттағы жұмыс – тәуекелсіз болмайды
ҚБСА өкілдері мұндай шығындар, қаншалық ауыр болса да, жабайы жануарларды қайта жерсіндіру жобаларында кездесетінін айтады.
– Біз табиғатпен жұмыс істейміз. Өкінішке қарай мұндай жағдайлар Қазақстанда ғана емес, өзге елдердегі осындай жобаларда да болады, - деді атқарушы директор.
Айғыр өлген соң аналықтарды уақытша қоршауға қайтару туралы шешім қабылданған. Көшбасшысыз топты жабайы ортада қалдыру қауіпті. Бұл үйірдің ыдырауына әкелуі мүмкін.
Ұрпақ болуы мүмкін
Қайғылы жағдайға қарамастан, мамандар Зорро ұрпақ қалдырған болуы ықтимал екенін жоққа шығармайды. Жаз айларында екі аналықпен жұптасу тіркелген.
Қазір зертханалық талдауға дайындық жүріп жатыр. Биоматериалдар Германияға жіберіледі.
– Егер буаздық расталса, құлын жаз ортасына қарай дүниеге келуі мүмкін, - деді Воронова.

Күнделікті бақылау күшейтілген
Қазір орталықта 13 жылқы бар. Олар бірнеше үйірге бөлінген. Бір-бірімен тікелей араласпайды, бірақ қоршау арқылы бір-бірін көре алады.
Мамандар күн сайын жануарлардың жағдайын бақылайды. Дене күйі, мінез-құлқы, белсенділігі тексеріледі. Топ ішіндегі қақтығыстарға да назар аударылады.
Паразиттерге қарсы бақылау да қатаң. Қажет болған жағдайда дер кезінде өңдеу жүргізіледі. Бұл иммунитеттің әлсіреуіне жол бермеу үшін маңызды.

Көктем – жаңа кезең
Көктемде жоба белсенді кезеңге өтеді. Жабайы ортаға жаңа үйірлерді жіберуге дайындық жалғасады. Сонымен қатар кезекті жылқылар партиясын қабылдау жоспарланып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, олар маусым айының басында жеткізіледі. Бұрынғыдай Чехия үкіметінің екі ұшағы қолданылады.
Жоба командасы алдағы маусымға үмітпен қарап отыр. Көктемде жаңа жайылым басталады. Сонымен қатар мамандар тағы да бақылау жүргізеді. Мүмкін, жабайы ортаға қайта жіберілген керқұландар туралы жақсы жаңалықтар да болып қалар.
Айта кетейік, Қазақстанға Чехиядан керқұлан әкелу 2029 жылға дейін жалғасады.
Былтыр Прага хайуанаттар бағы мен мажар ұлттық паркінен жеткізілген керқұландар саны 17-ге жеткен еді.