Қазақстан біз үшін Орталық Азиядағы өте маңызды әріптеске айналды - Жапон елшісі
ТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан біз үшін Орталық Азиядағы өте маңызды әріптеске айналды.
Бұл пікірді бүгін елордада өтіп жатқан Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан мен Жапонияның үкіметтік және жеке секторлар бірлескен комиссиясының 3-ші отырысында Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Юдзо Харада білдірді.
Оның атап өтуінше, 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас 511 млн. долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артық. «Осылайша біздің елдердің арасындағы экономикалық байланыс даму үстінде. Қазақстан біз үшін Орталық Азиядағы өте маңызды әріптеске айналды», - деді ол.
Елміздің жоғары технологиялар енгізу арқылы Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға барынша күш-жігер жұмсап отырғандығына баса назар аударған елші бұл орайда Жапонияның аталған іске өз үлесін қосуға мүмкіндігі зор екендігін атап өтті. Сонымен қатар ол қазіргі уақытта мұнай-газ, сирек кездесетін металдар, энергия үнемдеу, энергия көздерінің жаңа түрлерін енгізу, атом және уран өнеркәсібі салаларында инвестициялық-техникалық ынтымақтастық бағытындағы бірқатар нақты жобалардың қолға алынғандығын айтты.
«Атом саласын айта отырып, Фукусима-1 атом стансасындағы апатқа тоқталып өтпеу мүмкін емес. Жапония Үкіметі, жергілікті билік және жеке сектор күш біріктіріп, апат салдарын жою үшін жұмыс істеуде. Мен осындай өте ауыр тәжірибе жапондықтарға зор сабақ болатынына және басқа мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда да атом энергетикасы қауіпсіздігі және технологиясы ісін дамытуда өз үлесімізді қосатынымызға сенімдімін», - деді Ю.Харада.