Қазақстан бойынша 411 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталған
АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың төрағалығымен заңсыз қоқыс полигондарын анықтау және жою бойынша кеңес өтті.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында аумақтарда рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орындарын анықтау және жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, аумақтық экология департаменттері және басқа да тиісті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл талқыланды.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы анықталған қоқыс полигондарының ағымдағы жағдайы, оларды жою бойынша қабылданып жатқан шаралар және ғарыштық мониторинг нәтижелері туралы баяндады.
— 2026 жылдың басынан бері еліміз бойынша 411 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталғаны, оның 82-сі жойылғаны, бұл жалпы санының 20%-ын құрайды. Осыған байланысты министр әкімдіктердің қоқыс полигондарын жедел жою және заңсыз қалдықтарды орналастыру орындарының қайта пайда болуына жол бермеу жөніндегі күш-жігерін күшейту қажеттілігін атап өтті, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, отырыста Абай, Ұлытау және Атырау облыстарының экология департаменттерінің анықталған бұзушылықтарды жою және қоқыс полигондарын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есептері тыңдалды.
Кездесу қорытындысы бойынша министр аумақтық департаменттерге заңсыз қоқыс полигондарын жедел жою бойынша жұмысты күшейтуді, мониторингті күшейтуді, ведомствоаралық ынтымақтастықты арттыруды және жаңа қалдықтарды орналастыру орындарының құрылуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды.
Бұдан бұрын Жетісу облысында жануар қалдықтары табылған қауіпті қоқыс полигоны анықталғанын жаздық.