Қазақстан БҰҰ алаңында жасанды интеллект бойынша өңірлік ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Жаслан Мәдиев өз баяндамасында БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырып, ұлттық сарапшыларды Орталық базасында жұмыс істеуге жіберуді ұсынды.
Женевадағы «Цифрлық апталық» аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев «Инклюзивті және өзара үйлесімді тәсілдер негізінде жасанды интеллекттің артықшылықтарын барлығының игілігі үшін пайдалану» тақырыбындағы Жоғары деңгейдегі пленарлық отырыста сөз сөйледі. Ол Қазақстанның БҰҰ реформаларын қолдайтынын растап, «цифрлық ұлт» құрудағы ұлттық тәжірибесімен бөлісті.
Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан электрондық үкімет моделінен ЖИ технологиялары мемлекеттік басқару мен экономиканың барлық деңгейіне терең интеграцияланған AI-native nation мәртебесіне көшуге мүдделі екенін атап өтті. Қазіргі таңда республика БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орында, мемлекеттік қызметтердің 92%-ы цифрландырылған, ал Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заңды қамтитын заңнамалық база азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға кепілдік береді.
Диалог барысында Қазақстанның негізгі ұсынысы өңірлік ынтымақтастықты күшейту бастамасы болды. Биылғы сәуірде БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы Алматыда Тұрақты дамуға арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын құруды қолдады. Жаслан Мәдиев өз баяндамасында БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырып, ұлттық сарапшыларды Орталық базасында жұмыс істеуге жіберуді ұсынды. Қазақстан тарапының пікірінше, бұл алаң озық цифрлық шешімдерді сынақтан өткізу және ауқымдау үшін тиімді «құмсалғышқа» айналмақ. Бұл БҰҰ-ның Орталық Азияға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығымен синергияда БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін жүзеге асырудың қуатты құралы болмақ.
Жаслан Мәдиев елдің стратегиялық басымдықтары ретінде үш бағытты белгіледі: Қазақстан Президентінің төрағалығымен Жасанды интеллект жөніндегі кеңес арқылы институционалдық даму, инфрақұрылымды кеңейту (оның ішінде 1 ГВт қуаттылығы бар Data Center Valley құру және Транскаспий талшықты-оптикалық магистралін аяқтау) және AI-Sana білім беру бағдарламалары мен alem.ai халықаралық орталығының қызметі арқылы адами капиталды дамыту.
— Қазақстан үшін ЖИ-ді инклюзивті басқару тәжірибелік өзара үйлесімділікті білдіреді. Біз ынтымақтастыққа ашықпыз, тәжірибе бөлісуге, бірлескен пилоттық жобаларды іске қосуға және технологияларды реттеудің үйлесімді тәсілдерін дамытуға дайынбыз, — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Ол елдің басты мақсаты — жасанды интеллекттің тұрақты экономикалық дамуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға өлшенетін үлес қосуын қамтамасыз ету екенін де айтты.
Айта кетелік Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығы құрылады.