Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі рөлін толыққанды орындауда - ШЫҰ бас хатшысы

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Астанада Сирия ахуалын реттеу бойынша өткен келіссөздер сәтті өтті және Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі міндеттемелерін тиімді орындап жатқандығын көрсетеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің Қытайдағы меншікті тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Рашид Алимов мәлім етті.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі рөлін толыққанды орындауда - ШЫҰ бас хатшысы

«Бүгін Қазақстанның беделі өте жоғары. Орталық Азия елдері ішінде алғаш болып БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне қабылдануы да бекерден бекер емес. БҰҰ ҚК Тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан өз мойнына алған міндеттемелерді өте тиімді орындап келеді. Соның ең жарқын әрі ең күрделі үлгісі - Сирия ахуалын реттеу бағытындағы келіссөздердің Астанада өтуі», - деді ол.

Оның сөзінше, Сирия жеріне бейбітшіліктің қайта оралуына Қазақстанның қосқан үлесін бағалау әлі болашақ буынның еншісінде.

«Әдетте алғашқы қадам қиын болып келеді емес пе. Осы тұңғыш қадамды жасауға ұйытқы болып, Сирия дағдарысының қатысушыларын бетпе-бет кездестіре алудың өзі жоғары бағаға лайық. Қазақстан тұрақты емес болса да, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелігіне өте жауапты қарайтыны көрініп тұр», - деп атап өтті Алимов.