Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша Жоғарғы комиссары басқармасымен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті - Қ.Саудабаев
Қ.Саудабаев өз сөзінде Адам құқықтары жөніндегі кеңес өзі құрылған сәттен бастап тиімді құқық қорғау органы болып келе жатқанын, елдер деңгейінде адам құқықтарын сақтау мәселелерін қарауды сындарлы қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.
«Қазақстан да БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының рөлін нығайтуды қолдайды және оның сенм көрсетілген органдарымен және Бішкектегі Аймақтық кеңсесімен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Біз Басқарманың бюджетіне оның жедел қызметін қолдап отыру үшін ерікті жарнамызды бұдан былай да салып отырамыз», - деді Қ.Саудабаев.
Ол Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да елді дәйекті саяси жаңарту одан әрі жүргізіле беретіні туралы айтқанын еске салды. Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі елде құқықтық реформаға елеулі рөл беріліп отырғанына тоқталды. Сондай-ақ сот жүйесін одан әрі реформалау жұмыстары жалғаспақ. Міне осы және басқа да елде адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру шаралары 2009-2012 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарында және 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Құқықты саясат тұжырымдамасында көрініс тапты.
«Мен бүгін осы жоғары мәртебелі форумда Қазақстан СІМ басшысы ретінде ғана емес, ЕҰЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде де сөз алып тұрмын. ЕҚЫҰ-ның 56 қатысушы елінің осы Ұйымға Қазақстанның төрағалығы туралы бірауыздан шешім қабылдауы біздің тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың көшбасшылығымен бізді халқымыздың табыстарына берілген жоғары баға және шынайы тану деп білемін. Адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау және сақтау, демократияны дамыту, төзімсіздікпен және кемсітушілікпен күрес қауіпсіздіктің біртұтас және ажырағысыз элементі болып табылады. Сондықтан да Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Ұйымның қызметіндегі гуманитарлық өлшемдерге елеулі маңыз береді және оны одан әрі дамытуға өзінің лайықты үлесін қосатын болады», - деді Қ.Саудабаев Кеңесте сөйлеген сөзінде.