Қазақстан БҰҰ Өркениеттер альянсының жаһандық форумына қатысты
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі БҰҰ Өркениеттер альянсының жаһандық XI форумына қатысты.
Сенатор халықаралық форум аясында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Альянстың 20 жылдығына орай құттықтау хатын БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиносқа табыстады.
Альянстың Жоғары өкілі өз кезегінде Қазақстан Президентінің төрағалығымен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің маңыздылығын атап өтіп, Сенат басшылығына алғысын білдірді.
БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жеккөрушіліктің таралуына қарсы тұру, өзара толеранттылықты дамыту, жалпыадамзаттық құндылықтарды нығайту, мәдени алуандықты және бейбітшілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
БҰҰ Өркениеттер альянсы өркениеттер, діндер мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда, сондай-ақ бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ұйым құрылған сәттен бастап Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізу жөніндегі бастамасын қолдап келеді. Форум қорытындысы бойынша қорытынды декларация қабылданды.
Айта кетейік, Сенат әкімшілік әділет институтын жетілдіруге мүмкіндік беретін Заңды мақұлдады.