Қазақстан ChatGPT Edu енгізген алғашқы елдердің бірі атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан 2026 жылы білім беру жүйесі аясында ChatGPT Edu платформасын енгізуге кіріскен әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Оның сөзінше, еліміз жоғары білім беру саласына әлемдік озық тәжірибелерді кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Қазір OpenAI, NVIDIA, Google, Huawei, Coursera және ETS ұйымдарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Вице-министр халықаралық деңгейдегі ірі бастамалардың бірі ретінде Coursera Business to Nation жобасын атады. Бүгінде жобаға еліміздің 100 жоғары оқу орны мен 255 мыңнан астам студент қатысып отыр.
Жоба аясында студенттер 5 миллион сағаттан астам білім алып, 554 мыңнан астам халықаралық сертификат иеленген. Оның ішінде 109 мыңнан астамы жасанды интеллект бағыты бойынша берілген.
— Қазақстан Coursera тарапынан білім беруді цифрлық тұрғыдан жаңғыртуда көшбасшы елдердің бірі ретінде халықаралық деңгейде мойындалды, — деді Динара Щеглова.
Оның айтуынша, ChatGPT Edu платформасын енгізу білім беру процесіне заманауи технологияларды кеңінен қолдануға және студенттердің цифрлық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанның барлық жоғары оқу орнында мамандығына қарамастан студенттерге жасанды интеллект пәні оқытылатыны хабарланған еді.