Енді барлық студент жасанды интеллект пәнін оқиды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні оқыту ауқымы кеңейіп келеді. Енді мамандығына қарамастан барлық студент жасанды интеллект пәнін оқиды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Оның сөзінше, 2025 жылдан бастап жасанды интеллект дағдылары барлық білім беру бағдарламасына енгізілген.
— Қазір 95 университет оқу жоспарларына жасанды интеллект пәндерін қосты. Бұл 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасын қамтиды. Сонымен қатар 30 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бағыты бойынша 42 білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Профессор-оқытушылар құрамының 54%-ы жасанды интеллект саласында біліктілігін арттырды, — деді вице-министр.
Сондай-ақ жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні қолдану стандарты бекітіліп, диссертация әзірлеу кезінде оны пайдалануды реттейтін толықтырулар енгізілген.
Бұдан бөлек, барлық жоғары оқу орны үшін жасанды интеллектіні қолданудың негізгі көрсеткіштері бекітілді.
Айта кетейік, елімізде 2030 жылға қарай ЖИ саласында 10 мың маман дайындау көзделіп отыр.