Қазақстан дипломаттары Таяу Шығыстан эвакуацияланбайды — СІМ
АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстанның дипломаттары Таяу Шығыс елдеріндегі жұмысын жалғастыратынын айтты.
Оның сөзіне қарағанда, аталған өңірден консулдық қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен балалары эвакуацияланған. Дипломаттардың өздері сол жерде қалады.
— Дипломаттар өз жұмыстарын жалғастырып жатыр, өйткені олардың көмегіне жүгінетіндер аз емес. Менің ойымша, біздің дипломаттар мен консулдар жұмысын өте жақсы көрсетіп отыр. Ел азаматтары оларға алғыстарын айтып жатыр. Мемлекет басшысы мұндай дағдарыс жағдайында ел азаматтарының қауіпсіздігіне басымдық береді және Сыртқы істер министрлігі өз жұмысын атқарып келеді, — деді Ержан Ашықбаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол дипломатиялық өкілдіктердің қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
— Өздеріңіз білесіздер, шетелдегі елшіліктеріміз және бас консулдықтарымыз — ол дипломаттарымыздың жұмыс орны. Бұл нысандарда белгілі бір ақпарат сақталады. Сондықтан ол елдердегі мекемелерді қорғау сыртқы саяси ведомство үшін басымдық саналады, — деді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, Қазақстанның мемлекеттік органдары мен дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен Таяу Шығыс өңірінен Қазақстанға 9517 қазақстандық қайтарылды.