Қазақстан ДСҰ қатарына өту арқылы жаһандық экономикаға жақындап отыр - Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Швейцарияның Женева қаласында ДСҰ-ның штаб-пәтерінде алқалы жиын өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына ресми түрде қабылданды. Осылайша, Қазақстан әлемдік сауданың тетігін ұстаған алып Ұйымның құрамына қосылған 162-ші ел атанып отыр. ДСҰ Бас кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы туралы хаттамаға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведо қол қойды. Енді аталған хаттаманы Парламент ратификациялап, елдің ішкі рәсімдеуінен өткеннен кейін Қазақстан ДСҰ-ның толыққанды мүшесіне айналады.
None
None

Қазақстан ДСҰ-мен арадағы келіссөздерді 19 жыл бұрын бастағаны белгілі. Бұл Ұйым тарихындағы ең ұзаққа созылған келіссөздер процесі ретінде есте қалғанымен, еліміз осы жылдар ішінде тыңғылықты дайындықтан өткенін дәлелдеді. Сонымен қатар, ДСҰ арадағы келіссөздер жүргізілген он тоғыз жыл ішінде Қазақстан экономикасы елеулі өзгеріске түсті. Бұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та айтып өткен еді. «Біріншіден, ол қуатты да ашық бола түсті. ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 18 есе өсіп, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жетті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард долларды құрады. Сыртқы сауда айналымының 90 пайыздан астамы ДСҰ қатарындағы елдермен жасалады. Сауда қатынасының географиясы да әлдеқайда кеңейе түсті. Егер тоқсаныншы жылдардың ортасында Қазақстан тек посткеңестік елдермен ғана сауда қатынасын жасаса, бүгінгі күні біз әлемнің 185 елімен сауда жасаймыз. Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі экономикалық әріптесі болып табылады. Біздің саудамыздың 40 пайыздан астамы соның үлесіне тиеді. Ресей, Қытай, АҚШ, Канада және басқа да бірқатар елдер Қазақстанның сауда айналымына едәуір үлес қосуда», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөйтіп, Қазақстан ұзаққа созылған үдерісті аяқтап, алып Ұйымға қадам басып отыр. Ендігі күндегі ең басты мәселе - әлемдік сауда-саттыққа етене араласатын Ұйым аясында Қазақстан да өзінің лайықты орнын табуы керек.

Дүниежүзілік сауда ұйымының Елдерді мүшелікке қабылдау жөніндегі департаментінің директоры Чиеду Осаквенің айтуынша, биылғы жыл - ДСҰ үшін де маңызды жыл, өйткені, биыл Ұйымның құрылғанына жиырма жыл толды. Осы 1995-2015 жылдар аралығында ДСҰ әлемнің 33 елін өз қатарына мүшелікке қабылдаса, 34-ші болып Қазақстан қабылданғалы отыр. «Осы жөніндегі келіссөздер үдерісін жүргізу барысында Қазақстан Президенті бұл мәселеге үлкен мән беріп, икемділік пен дипломатиялық шеберлік танытты. Келіссөздердің әрбір сәтін қадағалап отырды. Бұл - дұрыс саясат. Өйткені, ДСҰ-ға қосылу - жаһандық экономикаға қосылу деген сөз. Сондықтан осынау ел экономикасы үшін тарихи сәтте ештеңені мүлт жіберуге болмайды», - дейді ол.

Сол секілді Дүниежүзілік сауда ұйымның бас директоры Роберто Азеведо де Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөнінде келіссөздер үдерісіне жоғары баға береді. «ДСҰ-ға кірудің артықшылықтары - жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсартумен байланысты. Қазақстан үшін бұл соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері мен жұмсаған күш-жігерінің мойындалуы. Бұл - реформалардың кешенді бағдарламасының қисынды нәтижесі, Қазақстанның бизнес үшін ашық екені туралы бүкіл әлемге жолдауы. Бұл күн ДСҰ үшін де айшықты болып табылады. Қазақстанның қосылуы біздің пікірталастарымызға қуатты әрі беделді үн қосады, Ұйымды Орталық Азияның жүрегіне жақындатады», - дейді Р. Азеведо.

Жиын барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ДСҰ-ға қосылудың Қазақстан үшін тарихи мәні зор екенін атап өтті. Елбасы сөз арасында өткен жылдар ішінде Қазақстан экономикасының құрылымы да үлкен өзгерістерге түскенін алға тартады. Мәселен, қазіргі таңда Қазақстанның ІЖӨ-нің 54 пайызын қаржы, телекоммуникация, құрылыс, энергетика, көлік секілді қызмет көрсету саласы қамтамасыз етуде. Бұл ретте Мемлекет басшысы ДСҰ аясында ырықтандырылып, қолжетімді бола түсетін жоғары табысты саланың бірі осы - телекоммуникация екенін айтып, шетелдік инвесторларды қазақстандық нарыққа шақыруды ұмытпады. Яғни, алдағы уақытта шетелдік инвесторлар Қазақстанның телекоммуникация қызметі саласына ендеп, осы саланың бағасын төмендетуге, сапасын арттыра түсуге ықпал ете алады деген сөз.

Бұдан басқа, Президент Н. Назарбаев Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашық ел екенін де алға тартты. «Біздің посткеңестік кеңістікте бірінші болып «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына ие болуымыз осыны дәлелдей түседі. Оның «Болашақтың энергиясы» тақырыбы энергетикалық ресурстарды үнемді пайдалану проблемасының адамзат үшін неғұрлым өткір сипатқа ие болғандығын білдіреді. Халықаралық қоғамдастық үшін «жасыл» экономика және орнықты даму қағидаттарына көшу - баламасыз таңдау. Осыған байланысты ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудің әлем үшін маңызы зор», - деді Мемлекет басшысы.

XXIV қысқы Олимпиада ойындары: Бейжің Алматының алдын орап кетті

Осы аптаның жұмасында Малайзия астанасы Куала-Лумпурде Халықаралық Олимпиада комитетінің 128 сессиясы өтіп, онда XXIV қысқы Олимпиада ойындары мен XIII Паралимпиада ойындарын өткізу құқығы үшін Алматы мен Бейжің қаласы таласқа түскен еді. Қысқы Олимпиада ойындарын өткізетін қаланы таңдау кезінде ХОК-тың 85 делегатының 44-і Бейжің қаласына, 40-ы Алматыға дауыс берді. Осылайша, Бейжің Олимпиада ойындарын өткізуге лайықты деп танылды.

Дауыс беруге Қазақстан мен Қытайдан келген ХОК мүшелері және Халықаралық олимпиада комитетінің Президенті Томас Бах қатысқан жоқ. Айта кетерлігі, қос үміткерге дауыс беру рәсімінен бұрын екі қала да өздерінің соңғы таныстырылымдарын өткізген еді. Бейжің де Алматы да барын салды, тартысты таныстырылым шынында да жоғары талғаммен ұсынылғаны аңғарылады. Екі үміткер қала арасындағы дауыс берудегі айырмашылықтың да соншалықты болмауы бұған дәлел. Таныстыру рәсімінде делегация басшысы, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Алматы әкімі Ахметжан Есімов, ҚР ҰОК президенті Темірхан Досмұхамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы-2022 Өтінім комитеті төрағасының орынбасары Андрей Крюков, Сочи Олимпиадасының жүлдегері Денис Тен, Қысқы жастар Олимпиада ойындарының қатысушысы Карина Узурова, Паралимпиада ойындарының қатысушысы Жаңыл Балтабаева болды. Сондай-ақ, басқа да көптеген танымал спортшыларымыз Алматы өтінім комитетінің құрамында жұмыс істеп, өзіндік үлестерін қосты. Осылайша 2022 жылғы 4-20 ақпан аралығында қысқы Олимпиада ойындары Қытай астанасында өтеді. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы ХХІІ қысқы Олимпиада Ресейдің Сочи қаласында өткен болатын, ал ендігі ойындар Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында 2018 жылы ұйымдастырылады.

Әйтсе де, Алматы қаласы бұдан кейінгі ірі ауқымдағы әлемдік додаларды өткізу құқығы үшін күресті жалғастыратын болады. Айта кетерлігі, үміткер қалалар арасында Бейжің секілді алып қаламен ақтық айқасқа шыққан Алматының адымына Халықаралық олимпиада комитеті жоғары баға берді. «Екі қала да Олимпиаданы өткізудің сан алуан креативті тәсілін ұсынып, 2020 жылдың күн тәртібін қолдап отыр. Бәрі алғашқы өтінім құжаттарынан басталды, кейін бюджет туралы құжаттар ұсынылды, Халықаралық олимпиада комитетінің бағалау комиссиясы үміткер қалаларда болып, өз есептерін жариялады. Біз үміткер қалаларға сәттілік тілейміз», - деді құттықтау сөз сөйлеген ХОК президенті Томас Бах.

Соңғы жаңалықтар