Қазақстан дүниежүзілік «Expo Shanghai-2010» көрмесінде «Астана - Еуразия жүрегі» павильонын ұсынады

АСТАНА. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат /Гүлнара Жандағұлова/ - Қытайдың Шанхай қаласындағы Дүниежүзілік «Expo Shanghai-2010» көрмесіндегі Қазақстан ұлттық күнінің ресми ашылу салтанаты маусымның 5-і күні болады, деп хабарлайды ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан дүниежүзілік «Expo Shanghai-2010» көрмесінде «Астана - Еуразия жүрегі» павильонын ұсынады

Қазақстан алғаш рет өзінің халықарылық көрме тарихында жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр болатын, ең үздік мультимедиалық технологиялар, Қазақстан туралы барлық ақпарат ұсынылған «Астана - Еуразия жүрегі» атты ауқымды павильон жасады. Алты ай бойы күніне 5 000 адам өте алатын павильонның жұмысын 100-ге тарта мамандар жүргізетін болады, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Қазақстанның «Expo Shanghai-2010» дүниежүзілік көрмесіне қатысуының негізі мақсаты - Қазақстан мен оның жас астанасының танымалдылығын арттыру, экономикалық және инвестициялық жағдайын көрсету және әлемдік қоғамдастықты Қазақстан халқының дәстүрі, тарихы, мәдениетімен таныстыру.

«Expo Shanghai-2010» дүниежүзілік көрмесіне көптеген әлем мемлекеттерін, халықаралық ұйымдар мен компанияларды көрсететін 246 павильон тіркелген.

Қазақстанның ұлттық күні бағдарламасында ұлттық туды көтеріп, Құрмет кітабына беделді қонақтардың қолжазбасын алу жоспарланған.

Қазақстандық павильонда сондай-ақ қазақстандық өнер қайраткерлерінің қатысумен гала-концерт өтеді.

«Expo Shanghai-2010» дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстанның ұлттық күніне ҚР-ның үкіметтік делегациясы қатысады.