Қазақстан дзюдодан аралас командалық сында әлем чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы дзюдодан Эквадорда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының аралас-командалық жарысында жеңімпаз атанып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Финалда Қазақстан құрамасы Бразилияның спортшылармен кездесті. Негізгі белдесулер 3:3 есебімен тең аяқталған соң, жеңімпазды анықтау үшін қосымша белдесудің жеребесі тартылды. Жеребе бойынша -48 кг салмақ дәрежесі түсіп, шешуші кездесуде Иянат Жұбатқан Қазақстанға чемпиондық атақты сыйлады.
Финалда Қазақстан сапында Расулхан Ғабит (-60 кг), Інжу Жұмажан (-63 кг), Бекали Еркен (-81 кг), Тоғжан Төлебай (+63 кг), Әділжан Жаудинов (+81 кг) және Иянат Жұбатқан (-48 кг) күресті.
Қазақстан құрамасы жарыс жолын Болгарияны 4:1 есебімен жеңуден бастады. Ширек финалда Жапония құрамасын 4:2 есебімен, ал жартылай финалда Өзбекстан спортшыларын 4:2 есебімен жеңді.
Бұл — Қазақстан дзюдосы тарихындағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының аралас командалық сынында қол жеткізілген алғашқы чемпиондық атақ.
Айта кетейік, Фатима Сұпығалиева Қазақстан тарихында дзюдодан қыздар арасында тұңғыш әлем чемпионы атанды.