Қазақстан ЕАЭО-ға дейін жасалған жер қойнауы келісімдерін одақтың баж ережесінен шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында бірнеше хаттама мақұлданды.
Одаққа мүше елдердің басшылары қол қойған құжаттардың ішінде «ЕАЭО туралы шартқа Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдалану саласында туындаған құқықтық қатынастарға импорттық кеден баждарының сомаларын бөлу туралы ережелерді қолданбау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы» хаттама да бар.
Бұл Қазақстандағы жер қойнауын пайдалану саласында бұрыннан бар кейбір келісімшарттар одақтың кедендік баж қағидаларына бағынбайды деген сөз. Әңгіме әсіресе 2010 жылғы 1 шілдеге дейін жасалған мұнай-газ және тау-кен жобалары жөніндегі келісімдер туралы болып отыр. Бұл жобалардың операторлары Қазақстанда игеріп жатқан кен орындарына техника, бұрғылау жабдығын, арнайы машиналарды, технологияларды импорттаған кезде ЕАЭО құрылмай тұрып бекітілген кедендік баж ережелеріне бағына береді.
Айта кетейік, Астана қаласында Қазақстан төрағалығы аясында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің екі күндік отырысы өтті.