Қазақстан ЕАЭО және ДСҰ шеңберіндегі өзгерістерге дайын - Е.Омарғазы

Осы мәселе және ЕАЭО саяси-экономикалық маңызы туралы саясаттанушы Е.Омарғазы ой-пікірімен бөліскен еді. «Қазақстан ЕАЭО шеңберіндегі өзгерістерге дайын. Және ЕАЭО мен ДСҰ талаптары, нарықтың кеңеюі еліміздің бәсекелестікті арттыра түседі», - дейді ол. Қазіргі таңдағы әлемдік тенденциялар, жаһандық экономикалық дағдарыс әлем елдерін тығырықтан шығу үшін бірлесе жұмыс істеу қажеттілігін тудыруда. Мұндай қадамдардың әлемдегі макроэкономикалық тұрақтылықты сақтаудағы маңызы зор. Биылдан бастап жүйелі түрде іске қосылған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Армения, Беларусьтің қатысуымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық мүмкіндіктері өте жоғары. Біріншіден, өзара арзан, келісілген жұмыс күшінің қозғалысы, екіншіден, капиталдың еркін қозғалысы, үшіншіден, нарықтарының кемшін тұстарын өзара толтыру мақсатында тауарайналымының жүзеге асырылуы, төртіншіден валюталық кедергілерді алып тастау мәселелері. Осы тұрғыдан алғанда, бұл көзделген мақсаттарға ЕАЭО жетті деуге әлі ерте.
Мұның бірнеше себебін айтуға болады. Біріншіден, ҚХР ұлттық валютасын 1994 жылдан бері девальвациялап, әлемдегі алпауыт сауда державасы ретінде Қытайдың бұл валюталық саясаты өзге ұлттардың валюталарының арзандауына алып келуде. Бұл әлемдік қатынастағы, әсіресе, экономика саласындағы құлдырауға соқтыруда. Сөйтіп, тауар айналымы, валюталардың өзіндік құнының бағалануы тұрғысынан, АҚШ доллары тағы да бірінші валюта екенін тағы да байқатты. Мұның бәрі ұлттық экономикаға үлкен кедергі болып отыр. Өйткені, біздің экономика сыртқы факторларға тәуелді. Ал, ЕАЭО-ның маңызы осындай тәуелділіктерден арылу мәселесін қарастырады. Екіншіден, мемлекеттердің интеграцияға бірігу әлемдік практика. Мысалы, Еуропалық Одақты айта кетейік. Алайда, ЕО-қа жету үшін ЕАЭО-қа біршама уақыт керек. Қазір аталмыш бағытта жұмыс істейміз деген келісімдер жасалып жатыр. Жақында Астанада өтетін кездесуде осы мәселелер кеңірек талқылану жоспарлануда. ЕАЭО-тың саяси-экономикалық маңызын сараптайтын болсақ,үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл мақсатқа жету үшін қатысушы елдердің экономикасын бірегейлендіру және бір-бірін толықтыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осы ретте айта кетерлігі, экономикалық және саяси тұрғыда құрамдас елдердің тең дәрежеде емес екендігі байқалады. Ал, жоғарыда айтып кеткен 4 мақсатқа Қазақстан дайын және Елбасының өзі атсалысып келеді. ДСҰ және ЕАЭС талаптары бір-бірімен қаншалықты үйлеседі деген мәселеге күрделірек. Екі ұйым да сауда-саттық саласындағы үлкен құрылым. ДСҰ-ның басты талабы арзан түрде және бәсекеге қабілетті тауарларды қатысушы елдердің нарығына шығару және таңдау құқын беру. Екі ұйым да бірінші кезекте тұтынушының мүддесін көздейді. Бұл ретте арзан, орташа және қымбат тауарларларымен әлемнің ірі елдерінің де нарықтарын жаулап алған Қытай ұтады. Қазір байқасақ, әлемдік нарықтағы инвесторлар да қытайлық компаниялар. Сондықтан да, осындай орасан зор нарықта Қазақстанның немесе Ресейдің тауары сұранысқа ие болады деу қиын. Сол себепті ДСҰ-ның ел экономикасын тигізер үлкен әсері еліміздің нарығындағы алыпсатарлар есебінен реттеліп отыратын бағаны бірегейлендіреді. Бұл Қазақстан нарығын құлдыратпайды, керісінше, жаңа деңгейге шығарады. Және бұл жайт Қазақстанға ғана емес, ортақ интеграциялық нарықты құрап отырған ЕАЭО-тың өзге елдеріне де қатысты.