Қазақстан екі жылда жеті әлем чемпионатын өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан 2026-2027 жылдары жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл еліміздің халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтып, ірі жарыстарды қабылдау әлеуетін көрсетеді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.

Қазақстан құрамасы күрестен U20 Азия чемпионатында тағы үш медаль жеңіп алды
Фото: ҰОК

Биыл қазан айында Қазақстан күрес түрлерінен әлем чемпионатын қабылдайды. Ал 2027 жылы елімізде олимпиадалық спорт түрлері бойынша үстел теннисі, дзюдо, бокс, таеквондо, сондай-ақ киберспорт пен шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары өтеді.

– Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміз екі жыл ішінде жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл – Қазақстанның спорт инфрақұрылымы мен ұйымдастырушы әлеуетінің жоғары деңгейде екенін айғақтайтын маңызды жетістік. Сонымен қатар бұл әлемдік спорт қауымдастығы алдындағы зор жауапкершілікті де білдіреді, – делінген хабарламада.

2027 жылы әлем чемпионаттарының барлығы Астана қаласында ұйымдастырылады. Атап айтқанда, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 28-31 қаңтар аралығында, бокстан әлем чемпионаты 10-26 сәуірде, үстел теннисінен әлем чемпионаты 22-30 мамырда өтеді.

Сондай-ақ дзюдодан әлем чемпионаты 7-14 маусымда, таеквондодан әлем чемпионаты 7-13 шілде күндері ұйымдастырылады. Киберспорттан әлем чемпионатының нақты мерзімі кейінірек жарияланады.

Ведомство мәліметінше, елімізде ірі халықаралық спорт жарыстарын өткізу – Мемлекет басшысының спортты дамыту, елдің халықаралық беделін нығайту және Қазақстанды өңірдегі жетекші спорт орталықтарының біріне айналдыру жөніндегі тапсырмаларын жүйелі іске асырудың нәтижесі.

Әлем чемпионаттарына дүниежүзінің ең үздік спортшылары қатысады деп жоспарланып отыр. Мұндай ауқымды жарыстар отандық спорттың дамуына серпін беріп, саламатты өмір салтын насихаттауға және жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар халықаралық додалар оқиғалық туризмнің дамуына, қонақүй бизнесінің жандануына, қызмет көрсету саласы мен инфрақұрылымның дамуына оң әсерін тигізеді.

Айта кетейік, Қазақстан қыздар құрамасы волейболдан Азия чемпионатын алтыншы орынмен аяқтады.