Қазақстан қыздар құрамасы волейболдан Азия чемпионатын алтыншы орынмен аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — Таиландта волейболдан 18 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы соңғы ойынын өткізді.
Кеше Индонезияны 3:2 есебімен тізе бүктірген қазақстандық қыздар 5-орынға ілігу үшін Вьетнамды жеңуі керек болатын.
Владимир Аниконовтың шәкірттері вьетнамдықтарға 0:3 (21:25, 17:25, 23:25) есебімен есе берді.
Осылайша, Қазақстан қыздар құрамасы Азия біріншілігін 6-орынмен түйіндеді.
Өз тобынан қазақстандықтар екінші орынмен ширек финалға шыққан еді. Онда Оңтүстік Кореяға 1:3 есебімен жол берген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия чемпионатында Қазақстан қыздары Индонезияны қапы қалдырғанын жазған едік.