Қазақстан ЕҚЫҰ-ның болашақ төрағасы ретінде шығысқа тән қасиетті дәстүрлерді сақтап қалудың жарқын үлгісін көрсетуде - О. Мұхамеджанов
АНА. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан ЕҚЫҰ-ның болашақ төрағасы ретінде Азияның еуропалық прогресінің биік шыңдарына ұмтылумен бірге, шығысқа тән қасиетті дәстүрлерді сақтап қалудың жарқын үлгісін көрсетуде. Бүгін Астанада ашылған Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Бас Ассамблеясының 5-ші жиынында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандық мінбер Азия мемлекеттері партиялық лидерлерінің жемісті де ашық пікір алысуы, идеялар мен тәжірибе алмасуы үшін қолайлы да тиімді өзара байланыс ортасын қалыптастырады деп ойлаймын. Өйткені, біздің жерімізде осыған дейін де Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің жоғары деңгейдегі кездесулері, Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездері, «Ортақ әлем: саналуандылық атты прогреске қадам» атты форум, сондай-ақ ЕҚЫҰ мен НАТО-ның парламенттік кездесулері сияқты бірқатар маңызды халықаралық жиындар өткен болатын», деді О. Мұхамеджанов.
«Менің ойымша, бүгінгі кездесуіміздің маңызы партиялық институттардың қазіргі әлемде атқарып отырған жоғары рөліне тікелей байланысты болса керек», деп толықтырды сөзін ол.
О. Мұхамеджанов саяси партиялар Азиядағы өкілдік демократияның сенімді тірегі ретінде одан әрі дамудың тың жолдарын ұсына отырып, қоғамның әлеуметтік күш-жігерін дүрыс бағыттап қана қоймай, сонымен қатар жеке мемлекттер мен халықтардың жарқын болашағы үшін де жауапкершілікті толықтай мойнына алып отырғанын атап көрсетті.
Азия мен мұхит аймағындағы елуге жуық елдің партияларын біріктіретін саяси партиялар конференциясы Азия өңіріндегі өзекті проблемалар төңірегінде салмақты пікір қалыптастыра алатын беделді халықаралық ұйым болып табылатындығын жеткізген Мәжіліс Төрағасы, «серпінді даму үстіндегі Азия бүгінгі таңдағы жаһандық дамудың негізгі, шешуші күштерінің біріне айналып отырғанын» атап көрсетті.