Қазақстан ЕҚЫҰ сарапшыларын АӨІСШК, ШЫҰ және ИКҰ ұйымдарымен әріптестік қарым-қатынастар орнатуға шақырды
Бұл үндеу Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев тағайындаған ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасының үш жеке өкілінің ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының басшылығымен және сарапшылармен ақпанның 17-сінде Варшавада болған үйлестіру кеңесінде жария етілді.
Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, кездесу барысында ЕҚЫҰ қазіргі төрағасының Мұсылмандарға қарсы төзбеушілікпен және кемсітушілікпен күрес жөніндегі жеке өкілі - Қазақстан Республикасының сенаторы Әділ Ахметовтың, Антисемитизммен күрес жөніндегі жеке өкіл раввин Эндрю Бейкердің (АҚШ) және Христиандарға және діннің басқа өкілдеріне қатысты нәсілшілдікпен, ксенофобиямен және кемсітушілікпен күрес жөніндегі жеке өкіл Марио Мауроның (Италия) алдағы жұмыстарының тұжырымдамалық, тәжірибелік және ұйымдастырушылық мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.
ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сарапшылары ЕҚЫҰ аймағында нәсілшілдік пен кемсітушіліктің таралуының алдын алумен байланысты ағымдағы жұмыстары мен жобалары туралы мәлімет берді, сондай-ақ осынау проблемаға ЕҚЫҰ елдерінің мемлекеттік және қоғамдық топтарының назарын аудару үшін ағымдағы жылы жеке және бірлескен елдік сапарлар ұйымдастыру туралы ойларымен бөлісті.
Ағымдағы жылы шілденің 29-30-ында Астанада төзушілік және кемсітпеушілік мәселелері бойынша ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі конференциясын өткізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Жеке өкіл Әділ Ахметов қауіпсіздіктің түрлі сипаттарын, оның ішінде төзушілік пен кемсітпеушілікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылау үшін ағымдағы жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізудің маңыздылығын атап көрсетті. Ә.Ахметов сондай-ақ, ЕҚЫҰ сарапшылары мен өз әріптестерін қазақстандық төрағалықтың бірегей мүмкіндігін Астана аясында маңызды рөл атқаратын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы және Ислам конференциясы ұйымы сияқты халықаралық ұйымдармен әріптестік қарым-қатынастар орнату үшін пайдалануға шақырды.
Консультация қорытындысы бойынша тараптар алдағы бірлескен жұмыстар бойынша келісімдерге қол жеткізді, 2010 жылдың жұмыс күнтізбесін бекітті.