Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумына да жемісті төрағалық етті

None
None
АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Осы аптада Вильнюсте Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің 18-і отырысы өтеді.

Вильнюс саммитіне Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов қатысады. Бұл туралы бүгін Астанада апталық брифингте ведомствоның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, Қазақстан қазіргі таңда ЕҚЫҰ үштігінің тең төрағасы болып табылады. «ЕҚЫҰ-ға төрағалығының табысты аяқталуы және Астанадағы тарихи саммиттің қорытындысы бойынша Қазақстан ұйым құрамындағы жұмысын белсенді түрде жалғастырған болатын. Ұйым үштігіндегі жұмысқа қатысумен қатар, 2011 жылғы қыркүйектен бастап біздің мемлекет қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы Форумға төрағалық етті. Форум ЕҚЫҰ шеңберіндегі шешімдерді қабылдау және қару-жарақтарды бақылау мен сенімділік іс-шараларын және қауіпсіздік мәселелері бойынша сұрақтарды талқылау мәселелері жөніндегі перспективті орган екені белгілі. Ал өзара сенімділік жөніндегі 1999 жылғы Вена құжаты ЕҚЫҰ аумағындағы тұрақтылықты күшейту мен әскери қақтығыстардың пайда болу қаупін азайтуға бағытталған шараларды айқындап жүзеге асырады. Вена құжаты осы форумның ең басты әрі маңызды құжаттарының бірі болып табылады. 1990 жылдары қабылданған осы құжатқа 1994-1999 жылдары аралығында тиісті өзгерістер енгізіліп келді. 1999 жылдан бастап осы күнге дейін бірде бір рет заман талап ететін өзгерістер мен толықтырулар енгізу қолға алынбаған болатын», - дейді А. Әбибуллаев.

Осыған орай, ағымдағы жылдың қараша айында Вена құжатына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданған болатын. «2011 жылы 1 желтоқсанда күшіне енген бұл құжат саяси тұрғыдан алғанда міндетті және ратификациялауды қажет етпейді. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форумның арнайы отырысында АҚШ, Ресей, Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Испания, Түркия, Австрия секілді мемлекеттер Қазақстанның форумға төрағалығына алғысын білдірді. Бұл ретте Вена құжатын жаңарту туралы қабылданған шешімі мен ЕҚЫҰ шеңберіндегі осынау форум қазақстандық төрағалықтың алдына қойған басты стратегиялық мақсатының жемісті орындалғанын және Елбасы айқындаған сыртқы саясаттағы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы ұлттық дипломатияның зор табысты жеңісі екендігін білдіреді», - деді А. Әбибуллаев.

Соңғы жаңалықтар