Қазақстан ЕҚЫҰ «үштігіндегі» қызметін аяқтайды

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 6-7 желтоқсанда Вильнюсте Қазақстан Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың қатысуымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлер кеңесінің он сегізінші отырысы өтеді. Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
None
None

Оның атап өтуінше, Вильнюстегі 56 мемлекет сыртқы істер министрлерінің басқосуы Ұйымның Іс басындағы Төрағасы - Литваның Сыртқы істер министрі Аудрониус Ажубалистің төрағалығымен өтпек. Кездесу барысында тараптар халықаралық құрылымның өткен жылдағы қызметіне шолу жасап, баға беру, қауіпсіздік мәселелерінің негізгі бағыттары бойынша әр елдің ұстанымдарын ортаға салу жоспарланып отыр.

«Сондай-ақ, 56 мемлекет Сыртқы істер министрлерінің басқосуы аясында Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының «үштігінің» отырысы да өтпек. Қазіргі таңда үштікке кіретін Қазақстан, Литва және Ирландия сыртқы істер министрлері өзара ықпалдастық мәселелерін, Орта Азия мен Ауғанстандағы ахуалдарды егжей-тегжей талқылап, Ұйым басымдылықтарына назар бөледі. Жалпы, Вильнюс Саммитінің Қазақстан сыртқы саясатына тарихи және саяси маңыздылығы өте зор. Негізінде осы басқосумен Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясындағы Ұйым "үштігіндегі" миссиясы және қазіргі таңдағы еліміздің Ұйымдағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік форумындағы төрағалық міндеті аяқталды деп айтуға болады. Ресми түрде аталған міндеттеріміз желтоқсан айының соңында тамамдалады», деді ол.

Соңғы жаңалықтар