09:24, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстан Елшісі Беларус Президентіне сенім грамотасын табыс етті
МИНСК. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат - Қазақстанның Беларус Республикасындағы Елшісі А.Смирнов Беларус Президенті Александр Лукашенкоға сенім грамотасын табыс етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. А.Лукашенко өз сөзінде, Қазақстан Беларус үшін Орталық Азиядағы стратегиялық сауда-экономикалық серіктес екенін атап көрсетіп, «Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты ықпалдастық құрылымдар аясында бізді Қазақстанмен ерекше қарым-қатынастар байланыстырып отыр», деді. Ол сондай-ақ, Беларус, Қазақстан мен Ресей елдерінің кедендік одағын құру мәселесіне де ерекше тоқталып өтті. Саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салаларда Қазақстанмен арадағы екіжақты өзара іс-қимылдардың деңгейі жоғары екенін қанағаттанарлықпен атап көрсеткен А.Лукашенко сонымен бірге, «Қазақстанның жаңа елшісінің екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге лайықты үлес қосатындығына» үміт білдірді. Сенім грамотасын табыс ету рәсімінен кейін беларус бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Қазақстан Елшісі А.Смирнов барлық сала бойынша Қазақстан мен Беларустың арасындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттілігін атап көрсетті.