Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан Елшісі Беларусь Сыртқы істер министрі С.Мартыновпен кездесті

  АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Минск қаласында Қазақстан Республикасының Елшісі Ерғали Бөлегенов Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Сергей Мартыновпен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен.

Қазақстан Елшісі Беларусь Сыртқы істер министрі С.Мартыновпен кездесті

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі Беларусьтің сыртқы саясат ведомствосының басшысын Қазақстан Республикасының ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы негізгі қағидаларына сәйкес елді дамытудың алдағы болашағы туралы хабардар етті.

С.Мартынов Қазақстан Президентінің Жолдауымен мұқият танысқанын айтып, адамдарға қамқорлық жасау, олардың жұмыспен қамтылуы бірінші орынға қойылған Қазақстанның экономикалық саясаты беталысының жүйелілігін атап өтті. Қазақстанның индустриялық дамуы ұлттық адами капиталды сапалы даярлау және дамыту бойынша күрделі қаржыны талап ететінін атап өтіп, министр Қазақстанның қарқынды дамып жатқан экономикасы үшін кадрларды даярлау бойынша белорус тарапының қолдау көрсетуі мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.

Кездесуде сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды, әңгімелесушілердің айтуынша,  олар тұрақтылығымен, өзара сеніммен және стратегиялық серіктестік деңгейіндегі ашықтылығымен сипатталады.

Дипломаттар саяси диалогтың жан-жақты дамуы мен тереңдеуіне, парламентаралық байланыстардың нығайтылуына, сауда-экономикалық қатынастардың үдетілуіне, сондай-ақ екі елдің шарттық-құқықтық базасының кеңейтілуіне ерекше мән берді. Бұған екіжақты қарым-қатынас форматында және ТМД, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ сияқты ықпалдастық ұйымдарында өтетін жоғарғы деңгейдегі екіжақты байланыстардың нығая түсуі мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы біздің экономикаларымыздың қарқын алып отырған оң даму серпіні  толықтай көмектесе алады.

Қазақстандық дипломат дәстүрлі сауда және экономикалық қатынастардағы бар әлеуетті іске асырумен қатар мәдениет, денсаулық сақтау, ғылым және технологиялар жағынан ынтымақтастықты тереңдету керек екенін атап өтті.